Басты Жаңалықтар Пәтердегі өрт: Сотқа дейінгі тергеу басталды

Пәтердегі өрт: Сотқа дейінгі тергеу басталды

Астанадағы 3 баланың өмірін қиған өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен бірге өрт сөндірушілердің аулаға кіруіне бөгет болған көлік жүргізушісінің жеке басы анықталған. Ол жауапкершілікке тартылды ма? Өрт неден тұтанған? Ал қапыда 3 баласынан айырылып, ауруханаға түскен ананың жағдайы қалай? Оқиға орнына барып, куәгерлермен тілдескен әріптесім Нұрсұлтан Тілектес толығырақ баяндайды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Өрттің күшті болғаны сонша, мына көріп тұрғандарыңыздай есіктің біраз бөлігі жанып, балқып кеткен. Көршілердің айтуынша, апат сенбі күні түнде болған. Олар пәтерлерінен шығып үлгергенше, мына дәлізді әп-сәтте қою қара түтін басқан.

Өртке оранған пәтерде үш баласымен 39 жастағы жалғызбасты ана тұрған.

Аша Жақсығұлова, көршісі, куәгер:

Бірінші естігенім - «Алла, Алла, Алла»... Қатты шыңғырған емес, амалсыздан қиналған адам Құдайға жалынады ғой, сондай дыбыстар болды. Мен дәлізге шығып, көршілердің есіктерін қағып, айғайлай бастадым. Бірақ есікті ешкім ашпады. Подъезд бойынша екінші айналымға кіріп, қайтадан тарсылдатып жүгіріп жүрдім. Ең бірінші менің пәтеріме қарама-қарсы көршілерім шықты.

Көршілер қызыл жалын құрсауында қалған анасы мен үш перзентін құтқаруға барын салған. Бірақ ішінен екі құлыппен тарс жабылған есік ашылмаған. Амалы жоқ тұрғындар құтқарушыларды күтуге тура келгенін айтады.

Өміржан Тұқышев, ҚР ТЖМ Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

Пәтердің темір есігі екі құлыпқа жабық болған, оны құтқарушылар арнайы құралмен бұзып ашты. Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден бір әйел құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Оқиға орнынан кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жоғары қабаттардан жиырма адамды эвакуациялады және 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетімен шықты.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар көлігін қақпа алдына қалдырып кеткен жүргізушінің кесірінен 10 минуттай апат аумағына кіре алмаған.

Куәгерлердің сөзінше, өрт сөндірушілер дер кезінде аумаққа кіріп, жалынды ауыздықтаса, жағдай бәлкім басқаша болар ма еді... Өйткені сын сәтте минут емес, әр секунд маңызды.

Зухра Рысқалиева, қалалық ПД ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы:

Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған өрт дерегі бойынша жол жүрісі қағидасын бұза отырып қойылған көлік оқиға орнынан жедел түрде алынып тасталды. Жүргізушінің жеке басы анықталып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Қатты күйік шалған балалардың анасы қазір ауыр халде ауруханада жатыр.

Марат Сабыров, №1 көпбейінді қалалық аурухананың травматологы:

Түнде 39 жастағы науқас 50-50% термиялық күйігімен, екінші, үшінші дәрежелі күйік шогымен жеткізілді. Науқас шокқа қарсы палатаға жеткізілді, шокқа қарсы палатада травматолог, ЛОР дәрігері, анестезиолог, токсикологпен қаралып, реанимация бөліміне көтерілді. Бүгінгі жағдайы науқастың ауыр болып саналады, науқас емнің бәрін алып жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Апаттың мән-жайы мен шығу себебі әзірге белгісіз.


Бөлісу