Басты Жаңалықтар АҚШ пен Иран ортақ келісімге келген жоқ

АҚШ пен Иран ортақ келісімге келген жоқ

Пәкістан астанасы Исламабадта өткен 21 сағаттық келіссөзде АҚШ пен Иран делегаттары ортақ мәмілеге келе алмады. Кездесу басталмас бұрын да тараптар арасында мүдде алшақтығы айқын көрінген. Женевада ақпанда өткен кездесу де осылай аяқталған еді. Сарапшылар Иранның күрмеуі көп ядролық бағдарлама мәселесіне бұл жолы Ормуз бұғазы қосылды деп мәлімдеді. Иран тарабы келіссөздің тығырыққа тірелуіне АҚШ-тың максимализмі және ойын ережесін өзгертуі себеп деп мәлімдеді. Ал АҚШ жағының айтуынша, Тегеран нақты шарттарды орындаған жоқ. Америка президенті Дональд Трамп АҚШ әскерилеріне бүгіннен бастап Ормуз бұғазын блокадаға алу туралы бұйрық бергенін мәлімдеді. Келіссөзге арағайындық танытқан Пәкістан болса, қос тарапты атысты тоқтату режимін сақтауға, диалогты жалғастыруға үндеді.

Трита Парси, сарапшы:

Екі-үш күннен кейін жаңа келіссөздер туралы хабарландыру шықса, таң қалмас едім. Себебі тараптардың ешқайсысы да уақытша бітім жарияланғаннан бері келіссөзден бас тартқан жоқ. Соғысты да қайта бастамады. Нәтижесінде бұл қадамдардың бәрін сәтсіздік емес, келіссөз тактикасы деп қарастырған дұрыс.


Бөлісу