«Астана Опера» театрында Вердидің «Травиатасы» сахналанды
«Астана Опера» театрында Вердидің «Травиатасы» жұлдызды құраммен сахналанды. Қойылымда басты партия – Виолетта Валери образын танымал сопрано Мария Мудряк орындады. Ал оның сүйіктісі Альфред Жермон рөлінде алғаш рет қазақстандық көрермен алдында испаниялық тенор Жоэль Прието болды. Ол әлемнің жетекші театрларында ән салған дарын иесі.
Ең алдымен мен үшін бұл өте көңіл толқытатын сахна әрі үлкен мәртебе. Өзім туған Қазақстанда осындай керемет театрда өнер көрсету маған үлкен қуаныш сыйлайды. Халықтың ерекше қолдауын сезіндім. Әр рөлім өзіме ерекше жақын әрі әрқайсысы өзінше күрделі. Солардың ішінде ең сүйіктілерімнің бірі – Виолетта рөлі. Мен сахнадағы әр сәттен ләззат аламын. Өз кәсібімді, сахнаны, музыканы және көрерменді өте жақсы көремін.
«Травиата» операсы – әлемдегі ең танымал шығармалардың бірі десек болады. Біз оны көрерменге әрдайым әртүрлі солиспен ұсынуға қуаныштымыз. Бүгін Мариямен бір сахнада өнер көрсету – үлкен қуаныш. Ол кәсіби тұрғыда өсіп, халықаралық деңгейде танылып келеді. Бір кезде жас, енді ғана бастап жүрген әнші еді. Бүгінде әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген нағыз кәсіби әртіс. Әсіресе Қазақстаннан шыққан солистердің осындай биік деңгейге жетіп жатқаны бізді қуантады.
Зал лық толы. Көрермен Марияның шеберлігіне сүйсіне қарады. Расында, опера өнердің шыңы. Музыка, әдебиет, актерлік шеберлік пен бейнелеу өнерін біріктіретін синтетикалық жанр. Сахнадағы әртістердің біртұтас көркем бейне жасай алғанын көпшіліктің қошеметінен байқауға болады.
Травиата әлемдік опера өнерінің асқар шыңдарының бірі болып қала беретіні анық. Себебі бұл – махаббат, еркіндік және тағдырды өзгерте алатын батылдық туралы шығарма. Әртістерге айрықша құрмет белгісі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табысталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы