ШҚО-да келіндер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да келіндер сайысы өтті

22.05.2019

Шығыс Қазақстан облысында өңірдің ең үздік келіні анықталды. «Аяулы жас келін» атты байқауға биыл аймақтың әр ауданы мен қаласынан келген 17 жас келіншек қатысты. Олар Қалбатау ауылында бас қосып, алдымен аспаздық қабілеттерін көрсетті. Сайыс шарты бойынша, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын дайындады. Бауырсақ пісіріп, самаурынға шай қайнату шеберліктерін де паш етті.

Сұрақ-жауап барысында олардың ой өресі мен танымы байқалды. Сайыстың шығармашылық бөлігінде өз өнерлерін ортаға салып, ән мен жырдан шашу шашты.

Биылғы байқаудың бас жүлдесін Семей қаласының келіні, екі баланың анасы Айдана Өсетқызы жеңіп алды.

Айдана Өсетқызы, байқау жеңімпазы:

- Қазақтың әрбір үйіндегі келіндерді аяулы, инабатты, үлгілі келін деп білемін. Дана келін болса, барлығын жеңе біледі.

Арайлым Есімбекова, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Басты мақсатымыз - ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптеу. Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы басты бағыттарды осылай іске асыру арқылы жастарымызды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелегіміз келеді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу