«Қазатомөнеркәсіп»: Салық төлемдері ₸850 миллиардтан асты
Былтыр «Қазатомөнеркәсіп» тұрақты операциялық және қаржылық нәтижелер көрсетті. Уран өндірісінің көлемі 25800 тоннаны, ал компаниялар тобы бойынша сату көлемі 18,5 мың тоннаны құрады. Атом холдингінің ел бюджетіне салық төлемдері 850 млрд теңгеден асқан. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18%-ға көп.
2018 жылы IPO-ға шыққан сәттен бастап Қазатомөнеркәсіптің нарықтық капитализациясы 7 еседен астам өсті. Бұл инвесторлардың Қазатомөнеркәсіптің даму стратегиясы мен бизнестің тұрақтылығына деген сенімін көрсетеді.
Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ресурстық базаны кеңейтіп жатырмыз. Қазіргі уақытта алты перспективалы учаскеде барлау жұмыстары жүргізілуде. 2030 жылға дейін біз геологиялық барлауға 85 млрд теңгеге дейін инвестиция салуды жоспарлап отырмыз.
Былтыр еліміз Иордания мен Моңғолияда уран барлау жобаларын зерттеу бойынша келісімге келді. Сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп ядролық отын циклының келесі кезеңдеріне қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Тантал, ниобий және бериллий сияқты сирек металдардың шикізат базасын қалыптастыру бойынша жұмыс та қарқын алған. Өткен жылы компания Қарағанды облысындағы кен орнына барлау жүргізуге лицензия алған.
Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:
Біз қызметкерлеріміздің және өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырудамыз. 2025 жылы компания өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, оның ішінде 6 млрд теңге келісімшарттық міндеттемелер шеңберінде бөлінген.
Ұлттық атом компаниясы ғылыми-зерттеу қызметін қарқынды дамытып жатыр. Былтыр 10 жылға жоспарланған ғылыми-технологиялық даму стратегиясы қабылданды. Сауда-саттық та арта түсті. Өткен жылы 8 елдегі 21 клиентке жеткізілім жүзеге асырылды. Швейцария, Чехия және Жапониядағы АЭС-терге уран жеткізу бойынша жаңа келісімшарттар жасалып, Румыниямен келіссөздер жүргізілді. Қазіргі уақытта Үндістанға уран жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы