Басты Жаңалықтар Машина жасау: Он жылда өндіріс көлемі 8,5 есеге артты

Машина жасау: Он жылда өндіріс көлемі 8,5 есеге артты

Қазақстанда машина жасау саласы соңғы он жылда қарқынды дамып, өндіріс көлемі 8,5 есеге артты. Яғни, 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,7 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында айтылды. Жиында салаға заманауи технологияларды енгізу, құрамдас бөлшектер өндірісін дамыту, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Отандық машина жасау бүгінде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі салаларының бірі әрі Қазақстанның индустриялық дамуының базалық тірегі болып отыр. Салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олар 37 қосалқы саланы қамтиды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан қазір өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр.

Әлібек Қуантыров, СІМ орынбасары:

Тікелей инвестицияның көлемі 20 млрд доллардан астам болды. Ол 2024 жылғымен салыстырғанда керемет өсімді көрсетті. Инвестициямен тек қана капитал, қаражат емес, білім, технологиялар келеді біздің елімізге. Сол себептен біз зияткерлік ахуалымызды осы тетіктер арқылы көтереміз.
Форумға Германия, Италия, Австрия, Түркия, Қытай секілді 24 елден 280-нан астам компания өкілі қатысып жатыр. Бұл отандық кәсіпорындарға үлкен мүмкіндік. Өйткені форум түрлі келісімдер жасалып, мемлекет пен бизнес арасындағы диалог орнайтын алаңға айналған. Осы мүмкіндікті кезінде өнімін 32 елге экспорттап, ал қазір қарқыны бәсеңдеген Алматы ауыр машина жасау зауыты барынша пайдаланғысы келеді.
Есет Дүйсенов, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:
Үкіметіміздің қолдауымен көп нәрсе шешіледі. Онсыз шешілмейді ғой. Біздің сертификаттарымыз бар шетелге шығатын, өнімдеріміздің белгілеуі бар, оны сұрыптау бар, сол туралы. Осындай форумда кездеспесек, енді қайда кездесеміз?! Жылына бір рет кездескен аз деймін. Себебі барлық өндірушілер кездесіп, әркім өзінің проблемаларын осы жерде айтып, үкіметпен бірге шешу керек.


Бөлісу