Жеңіс мерекесі қарсаңында Санкт-Петербург қаласында Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға арналған ескерткіш ашылды. Еңселі өнер туындысы Санкт-Петербургтағы батыр қыздың атындағы көшеге қойылды. Әлияның есімін ұмытпай, керісінше ұлықтауды Санкт-Петербург үкіметі, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі және Ақтөбе мен Атырау облыстарының әкімшіліктері бірлесіп қолға алды.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Санкт-Петербург жұртшылығы Әлия Молдағұлованың есімін, оның ерлігін жақсы біледі. Санкт-Петербургтегі мына мен тұрған көше 1980 жылдан бері қазақтың батыр қызының атында. Енді, міне, араға 40 жылдай салып барып, Әлияның еңселі ескерткіші де пайда болды.
Ескерткіш Петербордың батысындағы Красногвардия ауданында, шағын саябақта орналасқан. Оның ашылу рәсіміне белгілі қоғам қайраткерлері, қазақ дипломаттары мен Ресейдегі қандастарымыз және жергілікті халық молынан келді. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының делегациясы да қатысты. Олардың арасында Әлияның жақын туысы да бар.
Сапар Молдағұлов, Ә.Молдағұлованың жиені:
- Мен бұл ескерткіш туралы 1 ай бұрын ғана естідім. Ішімнен қатты қуандым.
Биіктігі 3 метрлік қоладан құйылған ескерткіш, қызғылт түсті мәрмәр тасқа орнатылған. Оның жанына Әлияның есімі мен оның Кеңес Одағының Батыры екенін әйгілейтін жұлдыз бейнеленген. Жобаның авторы белгілі мүсінші – Едіге Рахмадиев.
Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Батырлық басқа қонатын бақ емес, жүректен ерлік боп шығатын сындарлы шақ. Ал, біздің халқымыз үшін бұл ұлдарына ғана емес, қыздарына да қатар дарыған қасиет. Сондықтан да тарихымыздың әрбір беті ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, жауға шапқан батыр рухты апаларымыздың есімімен хатталып, ел есінде сақталып келеді. Бүгін міне сол даңқты дәстүрді жалғастырушы қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұловаға Петербургтің төрінен ескерткіші ашылып отыр.
Жергілікті жұрттың қазақтарға деген көңілі ерекше. Себебі олар ұлтымыздың Батырлары мен ақындарын ұмытпақ емес. Мәселен, Петерборда Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткіш те бар. Енді оның қатарына Әлия Молдағұлованың есімі қосылды. Бұл - елдікке құрмет, ерлікке тағзым.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ