Басты Жаңалықтар 15 наурыз Конституция күні болып белгіленді

15 наурыз Конституция күні болып белгіленді

15 наурыз Конституция күні болып белгіленді. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазмедиа» орталығында республикалық референдумға белсенді қатысқан жастармен кездесуінде айтты. Мемлекет басшысы бұл тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, бұл біздің тарихымызда мәңгі болып қалатын күн. Бұл құжат - Ата заңымыз. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз күмәнсіз, ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын.

Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.Кездесуде белсенді жастар сөз сөйледі. Жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Одан кейін Президент республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір ғана экзит-полдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Енді жыл сайын 15 наурызды Конституция күні, яғни еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Сонда келесі жылы бұл дүйсенбі күні болады ғой? Амандық болса, бәріміз жиналып тойлаймыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отыр.


Бөлісу