Түркиядағы референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды
Сағат айырмашылығына байланысты кей шет мемлекеттердегі референдум учаскелері жаңа ғана жұмысын тоқтатты. Солардың бірі Ыстанбұлдағы № 419 референдум учаскесінде халықтың белсенділігі өте жоғары болды. Әсіресе жастар таңертеңнен бері учаскелерге лег легімен келіп, азаматтық жауапкершіліктерін көрсеткен.
Түркияда оқитын, жұмыс істейтін және басқа да себептермен жүрген қазақстандықтар референдум учаскесіне лег-легімен келіп, елден жырақта жүрсе де отан алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезінетіндіктерін көрсетті. Дауыс бергендердің арасында әсіресе жастар көп.
Абдураззақ Әуелбек, Сакария университетінің студенті:
Сакария қаласынан шамамен 400 студент болып келдік. Бізге шетелде оқып жүрсек те, шетелде білім алып жүрсек те елімізде болып жатқан өзгерістер маңызды. Сол үшін бүгін келіп даусымызды беріп, өз таңдауымызды жасадық.
Алдын ала мәлімет бойынша Түркияда тіркелген үш мыңнан аса дауыс берушінің басым бөлігі бүгін өз таңдауын жасаған. Олардың қатарында халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін қазақстандықтар да бар.
Талғат Жұмағұлов, БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік хабының серіктестіктер маманы:
Алыста жүрсек те халықаралық ұйымдарда немесе басқа да мекемелерде жасап жатқан азаматтардың осындай Қазақстанның шетелдегі мекемелеріне келіп дауыс беріп жатыр. Өте маңызды. Бұл біздің мемлекетіміздің келешек келбеті. Саяси құрылымы, азаматтардың құқықтары нақтыланады осы жаңа құжатта. Үлкен үмітпен қараймыз осы жауапкершілікке, осы науқанға.
Референдум учаскелері Түркияның төрт қаласы, яғни Анкара, Ыстамбұл, Измир мен Анталияда жұмыс істеді. Олардың ешқайсында заңбұзушылық тіркелмеген.
Серікбол Байтемір, Ыстанбұлдағы №419 референдум учаскесінің төрағасы:
Ыстанбұлдағы Бас консулдық жанындағы 419 референдум учаскесінде тіркелген дауыс берушілердің барлығы дерлік дауыс берді. Олардың көпшілігі жастар. Әсіресе студенттер өте белсенді болды. Біздің учаскеде ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ.
Ыстанбұл қаласындағы учаскеге көршілес Бурса, Сакария, Болу және Ялова қалаларынан да қазақстандықтар келіп дауыс берді. Ал Түркиядағы референдум учаскелеріндегі дауыс саны ертең нақты белгілі болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы