Басты Жаңалықтар Мұғалімдерден әлеуметтік желі жүргізуді талап етуге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін

Мұғалімдерден әлеуметтік желі жүргізуді талап етуге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін

Бүгін Мәжілісте педагогтердің құқығын қорғауға арналған құжат жобасы қаралады. Жанел Нұрболатқызы Парламент қабырғасынан тікелей байланысқа шығып, толығырақ баяндауға дайын. 

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Енді мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта WhatsApp арқылы ата-аналардың сұрағына жауап беруге міндетті болмайды. Әлеуметтік желіге Reels түсіруге де мәжбүрлеуге заң жүзінде тыйым салынады. Сондай-ақ есепті электронды және қағаз жүзінде қайталап тапсырту алдағы уақытта заңсыз деп саналмақ. Ал бұған мән бермей, талапты бұзған мектеп басшылығы айыппұл арқалайды. Мемлекеттік мектептердің директорлары 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 42 мың теңге төлейді. Ал жеке білім ордаларына 259 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Ғылыми жобаларды қолдау артады

Бұдан бөлек, бүгін Мәжіліс ғылымды қолдау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Қазір гранттар көбіне академиялық ұйымдарға беріледі. Ал ғалымдардың өзіне жеке бөлінетіні аз.

Енді басымдық стратегиялық бағыттарға беріледі. Атап айтсақ, цифрландыру, медицина, экология, жасанды интеллект бағытында ізденіп жүрген ғалымдар қаржылай көмекке өтінім бере алады. Өтінім беру үдерісі де жеңілдемек. Бұдан былай ғалымдар грант алу үшін бұрынғыдай айлап қағаз жинап жүрмейді. Бәрі онлайн форматқа көшеді.


Бөлісу