Павлодарда «Көрші» атты жаңа жоба қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда «Көрші» атты жаңа жоба қолға алынды

15.04.2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодарда «Көрші» деп аталатын жаңа жоба қолға алынды. Мақсат -  қатар қоныс тепкен  тұрғындардың   ірге  жақындығын жақсарту. Көршілік әдеп, сыйластық, жосын-жоралғыларды жаңғырту. Көпқабатты үйлердің аулаларында басталған шараға меншікті тілшіміз Болат Аманбаев куә болды.

Шашумен басталып ән-жырға ұласқан мерекелік шара көпқабатты 15 үйдің ауласында бір мезгілде басталды. Түскі үзіліс уақытында келген көпшілік арнайы дастарханнан дәм татып, ойын-сауыққа қатысты. Бірін-бірі түстеп болмаса, етене біле қоймайтын адамдар арасында енді танысып жатқандары да бар.

Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын:

-Үй сатып алма, көрші сатып ал-дейтін еді, соның барлығы қалаға келген кезде қалып бара жатыр. Ал, енді дәл осы шара сол үлкен бір үйде тұратын тұрғындардың мынадай жайма-шуақ уақытта есік алдына шығып, әркім өз өнерлерін көрсетіп, өз дастарханынан дәм ұсынуы, ана тақырыбының өзі «Кел көршілер танысайық» дегеннің өзі, өте үлкен ұлттық идеологиялық жоба-деп айтуға болады.

Жақсы көрші-тынысың-деп білетін  халқымыз  қоңсыласына  ерекше   маңыз берген. Бір бірін  сүйеніш көріп, ырыс, жақсылықты қатар бөліскен. «Көрші» жобасы осындай қарым-қатынасты қайта жандандыруды көздейді.

Әсел Шанашева, қала тұрғыны:

-«Жастар жылы» болғандықтан көңіл жастарға бөлінуі керек және жастарды салауатты өмір салтына тартуға бөлу керек. біздің студенттерге ұнады. Өте қызықты өтіп жатыр. Қызықты ойындар ұйымдастырылған.

Доп қуалаудан арыға бара қоймайтын қала баласы бүгін тоғызқұмалақ ойнап, асық атуды үйренді. Ал, той томалаққа  ағайын-туыспен қатар  көршіні де шақырудың  жөні ерекше екені   жас келіндерге түсіндірілді.

Данияр Жұмаділ, «Көрші» жобасын ұйымдастырушы:

-Айтыс болады, ұлттық өнер, ұлттық спорт түрлері тұрғындарға паш етіледі. Ауланың тұрғындары келіп шараға ат салысып жатыр. Тіпті, осы жақын орналасқан мектептер, балабақшалар қалалық кітапхана бар, оларда біз үлеісмізді қосайық, көрші ретіндегі үлесімізді қосайық-деп осы шараға келіп, көрме ұйымдастырып, балалар жаңағы өзінің өнерін ортаға салып жатыр.

Көршіге қарайласу - имандылықтың белгісі, сондықтан, ұлттық  құндылықты жаңғыртуға жас та жасамыс та үлес қоспақ.  «Көрші»  жобасы келер күзге дейін қаладағы барлық үйлердің ауласында жұртшылыққа жария етіледі. 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу