Президент Бейбітшілік кеңесінің отырысына қатысады
Президент АҚШ-қа жұмыс сапары аясында жуырда ғана құрылған Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысады. 19 мемлекет басшысы мен өкілі бас қосатын алаңда Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыру мәселесі талқыланбақ. Сапар барысында Президент америкалық ірі компаниялардың жетекшілерімен де бірқатар кездесу өткізбек. Бұл сапар Қазақстанға не береді? Бейбітшілік кеңесіндегі еліміздің рөлі қандай? Сарапшылармен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.
Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы өтеді. Қазақстан және тағы 18 елдің президенті мен өкілі кірген ұйымның басты миссиясы әзірге Таяу Шығыстағы қақтығысқа нүкте қою. Күн тәртібіндегі басты мәселе – Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыру.
Айнұр Тұқымовв, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:
Газадағы мәселе қазір әлемдік катастрофа деңгейінде деп айтуға болады. 90 пайыздан астам территориясы үйінділердің астында жатыр. Ол 6 млн тонна үйіндіні тазарту үшін 10-20 жыл уақыт керек екен. Әлемдік қауымдастық қалыпқа келтіру үшін 70 млрд долларға жуық ақша қажет дейді. Сол жерде миллиондаған адам уақытша шатырларда өмір сүріп жатыр. Бейбітшілік кеңесінің бас қосып жатқан себебі осы қиналып жатқан палестиналықтарға көмектесу.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінге дейін Газа секторындағы қақтығыстар салдарынан 70 мыңнан астам адам қаза тапқан. Сондықтан кеңеске мүше елдер өкілдері өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмек жеткізу бойынша нақты шаралар әзірлеу жолдарын талқыламақ. Ең басты сұрақ – бұл жағдайда Қазақстан қандай рөл ойнайды?
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Board of Peace-ке кірудің жарнасы бар – 1 млрд доллар. Қазақстан жарнасыз кіріп отыр. Неге?! Өйткені шақырудың басты мәселесі – біздің тәжірибеміз. Қазақстан кезінде Сирия мәселесі бойынша, Иранның атом мәселесі бойынша, одан бөлек Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік, біздің елде жыл сайын дүниежүзілік діндер басшыларының съезі өтіп отырады. Осының бәрі не үшін жасалып отыр? Яғни, Қазақстан осындай мәселелерді шешудегі тәжірибесі және алаңы бар мемлекет.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан саммитке кеңесші ретінде қатысып отыр, – дейді мамандар. Әрине еліміз бейтараптықты ұстанады. Дегенмен бұл сапарды – үш жақты стратегиялық миссия деп қарастырған абзал. Саясаттанушылардың сөзінше, осы жолғы жиын Қазақстанның саяси аренадағы рөлін күшейтіп, әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтуға септеседі. Сондай-ақ экономикалық пайда табуға мүмкіндік береді. Өйткені сапар барысында Президент америкалық ірі компаниялардың жетекшілерімен де бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланған.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Жалпы Қазақстан үшін АҚШ бірінші кезек те ол жоғары технология, ол цифрлық экономика, ол жасыл экономика, ол былайша айтқан кезде сирек металлдар арасындағы жетекші мемлекет. Ал Қазақстанның IT саласын, жаңағы жоғары да айтып кеткен энергетикамызды әртараптандыру кезінде бізге сол мемлекеттің тәжірибесі ауадай қажет.
Президенттің былтыр қараша айында Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарының нәтижесінде жалпы құны шамамен 17 миллиард доллар болатын 29 келісімге қол қойылған еді. Келісімдерге сай тараптар энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, жасанды интеллект, білім салаларын бірлесе дамытуға уағдаласқан. Айта кетейік, АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор. Кейінгі жылдары екі жақты тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын біздің ел қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ қазір Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы