Басты Жаңалықтар Дипфейкті түпнұсқадан қалай ажыратамыз?

Дипфейкті түпнұсқадан қалай ажыратамыз?

Алаяқтар әлеуметтік желідегі суретіңізді де өңдеп, сіздің атыңыздан бейнежазба таратуы мүмкін. Бір ғана фото арқылы бет әлпет пен дауысты айнытпай келтіріп алдаудың жаңа тәсілі пайда болды. Одан қалай сақтануға болады? Жасанды интеллектіні асыра пайдаланып, қоғамға қауіп төндіргендерге жаза бар ма? ІТ мамандары қандай кеңес береді?  

Бұл бейнежазбада науқастың кейпіне еніп, ақша сұрап отырған ару қыз, шын мәнінде, ер адам. Жасанды интеллект саласын терең меңгерген Даниял Ерланұлы осы жазба арқылы халықты алаяқтықтан сақтандыруды жөн көрдім дейді. Сөзінше, бір ғана суретті пайдаланып бейнежазба жасау бүгінде оңай болып отыр. Қас-қағым сәтте әйгілі футболистің де рөліне енуге болады.

Даниял Ерланұлы, ІТ маманы:

Қазір алаяқтар кез келген адамның бетін ұрлап, ақша сұрауы мүмкін. Мысалы, менің ата-анамның бетін ұрлап, маған ватсапқа жазып, балам маған 10 мың теңге жіберші деп, осындай видео жібере алады.

Алаяқтар жақындарыңызды алдаудан бөлек, несие рәсімдеп, банктік шотыңызға да кірудің амалын тапқан. Кейде тіпті танымал адамдардың атын жамылып, мол табыс табудың жолын үйретемін деп жазба жариялауы мүмкін.

Шәріпбек Бақберген, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма сарапшысы:

Былтыр Жасанды интеллект туралы заң қабылданып, биыл күшіне енді. Осы аталған шараларда ЖИ-мен таралған видеоларды міндетті түрде, сонымен қатар әкімшілік құқық қорғау кодексіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни жалған ақпарат тарату, ЖИ-мен жасалған ақпаратты белгілемеуге байланысты әкімшілік құқыққа тарту көзделген.

Мамандар цифрлық технология дамыған сайын фейкті шынайы деректен ажырату қиындай түскенін айтады. Дегенмен мына тәсілдерді назардан тыс қалдырмауға кеңес береді. Мәселен, дипфейкте адамның көзі сирек жыпылықтап, ауыз қимылы сөзге сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан алдымен бет қиымылына мән беріңіз. Отбасы мүшелерімен тек өзіңіз ғана білетін «құпия сөз» ойлап табыңыз. Күмәнді видеолар келсе, бірден сенбей, адамның өзіне хабарласқан жөн. Тек екеуіңіз білетін сұрақ қойыңыз. Бейтаныс қоңырау мен күмәнді бейнежазба келген жағдайда да, әңгімені бірден тоқтатып, сол адамның өзіне қоңырау шалу керек немесе полицияға хабарласқан жөн. Ашық деректерге сүйенсек, әлемде әр 10 адамның 6-уы  дипфейкке алданады екен. Ал елімізде алаяқтықтың дәл осы түрінен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Бірақ кибершабуылға тап болып, интернетте алданған адамдар жыл сайын артып келеді. 2024 жылы интернет алаяқтық фактілері 22 мың 500-ден асса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 27 мыңға жеткен.


Бөлісу