Мәскеуде Ұлыстың үлы күніне орай мерекелік шаралар өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Ұлыстың үлы күніне орай мерекелік шаралар өтті

26.03.2019

Мәскеуде Ұлыстың Ұлы күніне орай мерекелік шаралар өтті. Ресей астанасы бұл күнді 14 жылдан бері жалпықалалық мереке ретінде тойлап келеді. Наурыз кезінде Мәскеуде тұратын қазақ, қырғыз, өзбек, татар, әзірбайжан сынды көптеген диаспораның өкілдері өздерінің ұлттық дастарханын, қолөнер бұйымдарын және халық музыкасын көпшілікке таныстырады.

Мәскеудегі Ұлттар үйінің Наурызды тойлап жатқанына биыл 15 жыл болды. Ең алғаш рет Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді ұсынып, бастама көтерген - осы мекеменің қызметкері, қандасымыз Гүлнара Қалкенқызы.

Гүлнара Қалкенқызы, Мәскеудегі Ұлттар үйінің қызметкері:

18 жылдан бері осы жерде жұмыс істеймін. Науызды 2004 жылдан бері өткізіп келеміз.

Мәскеулік қазақтар биылғы мерекеде Наурыз көже пісірудің қыр-сырын әңгімелеп, қонақтарға астан дәм татырды. Осылайша, бұл күні әрбір диаспораның өкілдері өздерінің ерекшеліктерін көрсетуге тырысады. Ұлттар үйіндегі бұл мереке шағын құрамда өтсе, ауқымды шара қалалық деңгейде тойланды.

 Нұртас Солтанұлы, тілші:

Мәскеу жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін дүркіретіп, думандатып өткізіп жатыр. Наурызды мереке деп тойлайтын 20-дан астам ұлттың өкілдері Ресей астанасындағы ең үлкен көрме орталығын адамға лық толтырды. Бұл жерде мерекелік концерт, ұлттық дастархан, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, қысқасы, мерекелік көңіл-күйді сезіндіретін дүниенің барлығы бар. 

Наурызға деп Мәскеу қазақтары ақшаңқан киіз үйді арнайы тікті. Қандастарымыздың ауылына өзге жұрттар таңқалып, ерекше назар аударды. Тіпті түрлі ұлттың өкілдері қазақша әндерге би билеп, мәз-мейрам болды.  

Серік Тойғамбаев, Мәскеудегі Қазақ ұлттық мәдени автономиясының президенті:

Мұнда 22 ұлттың өкілдері болғандықтан, өздерінің мәдениетін, дәстүрлерін көрсеткілері келеді. Біз де қазақтың бесікке салу, қыз ұзату сияқты дәстүрлерін көрсетіп жатырмыз. 

Бір-бірімізді тілмашсыз-ақ түсінетін, түбіміз бір туысқан түркі жұртының өкілдері барша қазақ халқын Наурыз мерекесімен өздерінің ана тілінде құттықтады.  

Азамат Мырзабаев, башқұрт диаспорасының өкілі:

Наурыз мейрамы құтты болсын! Қазақстандағы достарымызға жалынды сәлем!

Хуршида Нығметова, ұйғыр диаспорасының өкілі:

Наурыз құтты болсын! Сіздерге аманшылық, бақыт тілеймін.

Саламмұхамед Нұрмұхамедов, түркімен диаспорасының өкілі:

Наурыз мейрамын құтты болсын! Қазақ туғандарға ең жақсы тілегімді арнаймын.

Джамала Набизаде, әзірбайжан диаспорасының өкілі:

Наурыз мейрамы құтты болсын! Қазақтарға сәлем!

Наурыздың соңы мерекелік концертке ұласты. Бірнеше ұлт бірлесіп өткізген бұл шара алуан ұлыстың басын қосып, бір-бірінің мәдениетін жақынырақ тануға жәрдемдеседі. Мәскеудегі мейрамның ерекшелігі - осы.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу