Басты Жаңалықтар Мемлекеттік сатып алу жүйесі жаңартылды

Мемлекеттік сатып алу жүйесі жаңартылды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік сатып алу жүйесі реформаланды. Былтыр күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң алғашқы нақты нәтижелерін көрсете бастады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, сатып алу рәсімдерінің мерзімі қысқарып, бюрократия азайды. Ал жүйе ашық әрі әділ бола түсті. Енді конкурстар рейтингтік-балдық жүйе арқылы өтеді. Шешімдер адам қатысуынсыз, автоматты түрде, жасанды интеллект элементтерімен қабылданады. Бұрын конкурс 60 күнге дейін созылса, қазір орта есеппен 5 күнде аяқталады. Әдеттегі конкурстар 10 жұмыс күнінен аспайды. Бұл жүйе өңірлерде тиімділігін дәлелдеді. Реформа отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Жаңа заң бойынша, айыппұл санкцияларын азайту, тауар жеткізудің ең минималды мерзімін 15 күннен 60 күнтізбелік күнге дейін ұзарту, сондай-ақ төлем мерзімін 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарту қарастырылған. Нәтижесінде 2025 жылы отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттар көлемі 23%-ға өсіп, 460 млрд теңгеге жетті. Ең бастысы реформа сенімсіз қатысушыларға тосқауыл қойды.

Дәурен Кеңбейіл, Қаржы вице-министрі:
Бұл реформа мемлекеттік сатып алу саласында адал емес компанияларға тосқауыл қойды. Енді жалған құжат тапсыру қиындады, бұрын заң бұзған тұлғалар автоматты түрде жауапкершілікке тартылады. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алуға тек адал, сенімді және беделі бар қатысушылардың қатысуына жағдай жасалып отыр.


Бөлісу