Әз-Наурыз аймақтарда қалай тойланып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әз-Наурыз аймақтарда қалай тойланып жатыр?

22.03.2019

Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы алып атырапты думанға бөлеген көктем мерекесі - ынтымақ пен ырыстың, береке мен бірліктің белгісі.

Жандос Темірғалиев, тілші:

Атыраулықтар әз-Наурызды дүркіретіп тойлауда. Жайықтың жағасында орналасқан мына «Сұлтан Бейбарыс» алаңына жиналғандарда есеп жоқ. Барлығы шат-шадыман. Жалпы, қала бойынша 45, ал, мен тұрған алаңда 22 ақшаңқан киіз үй тігіліп, келушілерге Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылуда.

Таңсәріден басталған мерекелік шаралар мұнайлы шаһардың 12 ауданында  өтіп жатыр. Кешке жергілікті және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Соңы мерекелік отшашуға ұласады.

Болат Аманбаев, тілші:

Наурыз ұлтқа бөлінбес, тілге алаламас, дінге байланбас, күн мен түні ғана емес, адам атаулы теңескен теңдік  пен кеңдіктің сайраны. «Ұлы даланың 7 қыры». Елбасының ұлт келбетін айшықтайтын мақаласына орай Павлодардың орталық алаңына 7 киіз үй тігілді. Олардың ішіне  ұлы дала төсінен табылған құнды жәдігерлер қойылған. Бұлар қазақ жері әлемдік өркениет құндылықтарының бастау бұлағы болғанын айғақтайды. Ең бастысы, киіз үйлерге кірген жұртшылық тарихымызға терең үңіле алады. Мәселен, ерте замандардың өзінде ата-бабаларымыз темір қорытып, ұсталық өнерді дамытқан. Көнеден қалған мына бір керемет қол көрік соның дәлелі бола алады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Біз қазір тарихы қатпар, табиғаты әсем Қарқаралыдағы тойдың куәсіміз. Наурыз тіршілік атаулының жаңаратын, оянатын кезеңі. Осы орайда жергілікті тұрғындар ырымдап той басын бұлақ көзін ашумен бастады. «Бұл күні Сармарқанның көк тасы да жібиді», демекші қыстан аман шыққан жұрт  құшақтасып көрісіп, қаяу түскен көңілдер қайтабір арнаға тоғысты. «Елге ел қосылса-құт» дейді. Ұлыстың ұлы күнінде сонау Шымкент қаласынан Қарқаралының Қоянды ауылына 5 отбасы көшіп келіп отыр.  Оларды қонақ келсе құдайындай сыйлайтын қазақтың ақжарқын дәстүрімен халық салтанатты түрде қарсы алды.

Берік Көшербай, тілші:

Біз қазір Шығыстағы Ақсуат ауылындамыз. Тарбағатай ауданының тұрғындары күн мен теңелетін, халық қуанышқа кенелетін көктем мерекесін жылда жоғары деңгейде атап өтеді. Барлық ауылдарда кешеден бері ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, концерттер өтіп жатыр. Ал, бүгін алты ай қыстан аман-есен шыққан, ауызы аққа тиген ағайын аудан орталығына жиналды. Ұлыстың Ұлы күніне арнап әрбір мекеме және мектеп, басқа да ұжымдар театрландырылған қойылым дайындаған. Атқа міну мәдениетін дәріптейтін оқушылармен сөйлесейік.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Болат АМАНБАЕВ

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Берік КӨШЕРБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу