Басты Жаңалықтар Түркияда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Түркияда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Ыстанбұлда түркиялық іскер топ өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық, экспорттық және туристік әлеуеті таныстырылды. Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен халықаралық түркі сауда платформасының бастамасымен өткен шараға 200-ден аса бизнес өкілі қатысты. Кәсіпкерлерге Қазақстанның экономикалық жағдайы, инвесторларға мемлекеттік қолдау тетіктері мен түрік бизнесі үшін қолжетімді мүмкіндіктер таныстырылды. Өз кезегінде түркиялық инвесторлар қызмет көрсету және туризм саласына қызығушылық жоғары екенін айтты. Іс-шара соңында екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, өзара ынтымақтың нақты форматтары талқыланды.

Ахмет Ортатепе, Халықаралық түркі сауда платформасының төрағасы:

Біздің ұйым өзара сауда байланысын нығайту мақсатында әлемнің ондаған елінде қызмет көрсетеді. Бүгінгі жиынды ұйымдастырудағы мақсатымыз Түркия мен Қазақстан арасындағы инвестициялық байланысты арттыру. Түркиялық кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық өте жоғары. Осындай басқосуарды бұдан кейін де жиі ұйымдастырып тұрамыз.

Исмаил Акгөз, түркиялық инвестор:

Түркия мен Қазақстан тамырлас, бауырлас екі ел. Бізді тек тарихымыз бен мәдениетіміз ғана емес, экономикалық қарым-қатынасымыз да біріктіруі тиіс. Бұл тұрғыда біз сияқты кәсіпкерлер өзара сауда-саттыққа, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тырысуымыз қажет. Бүгінгі жиын осы бағыттағы тиімді басқосу болды.


Бөлісу