Жамбыл облысында шекарада мобильді инспекциялық-тексеру кешені іске қосылды
Еліміздің шекарасында көліктерді жылдам әрі қауіпсіз тексеруге мүмкіндік беретін мобильді инспекциялық-тексеру кешені қолданысқа берілді. Бұған дейін бір жүк көлігін тексеру ұзақ уақыт алса, енді жаңа жүйе арқылы бір сағатта тоқтаусыз 25 жүк көлігін тексеруге болады. Мобильді кешен жүктің ішін ашпай-ақ, оның құрамын рентген сәулесі арқылы толық көруге мүмкіндік береді. Мұндай технология қару-жарақ, жарылғыш заттар мен есірткі сияқты заңсыз жүктерді жедел анықтауға бағытталған. Кей жағдайда заңсыз жүк ресми құжаттарда көрсетілмесе, енді бірде жасырын алып өтпек болады. Мұндай әрекет жиі кездеседі, дейді шекарашылар. Жүйе радиологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сай. Тексеру кезінде кешен жүк көлігінің жанынан қозғалып өтіп, рентгендік сканерлеу жүргізеді. Нәтижесінде жүктің және жүргізуші кабинасының нақты бейнесі шығады. Бұл тіпті жүктің ортасында жасырылған заттарды да анықтайды. Әуежайда жолаушылардың жүгін рентген арқылы тексеру қалай жүргізілсе, бұл кешен де көлікті дәл солай шолып шығады. Бұл шекаралық рәсімдердің ашықтығын арттырып, адам факторына тәуелді тәуекелдерді азайтады. Қазіргі таңда мобильді инспекциялық-тексеру кешені Жамбыл облысындағы Қырғыз Республикасымен шекаралас өткізу бекеттеріне орнатылды. Алдағы уақытта мұндай қондырғылар Қазақстан мен Ресей шекарасына да қойылмақ.
Айта кетсек, былтыр шекара аумағында 4700-ден аса заң бұзушылық тіркелген. Олардың 4 мыңы шетел азаматтары тарапынан жасалған. Сондай-ақ шекарашылар тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1700 дерегін тіркеп, алдын алған.
Ғани Ағаділов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары:
Кешендер жүкті дистанциялық тексеру мүмкіндігін беріп, өткізу пунктерінің қабілетін едәуір арттырады. Рентгенография, деректерді талдау технологиялары қару мен есірткіге дейін заттарды жедел анықтауға бағыттайды. Бұл технологиялар жылдам өткізіп қана қоймай, сонымен бірге біздің қызметкерлеріміз үшін де, азаматтар үшін де қауіпсіз болып табылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы