Ұлттық құрылтай қоғамдағы маңызды мәселелерді нақты шешу алаңына айналды
Қызылордада Ұлттық құрылтайдың панелдік сессиялары өтті. Ел дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланған жиынға түрлі сала өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Тарихи шаһарда өткен басқосуда әлеуметтік, экономикалық және мәдени бағыттағы маңызды ұсыныстар ортаға салынды.
Сыр бойындағы Қызылорда шаһары – Қазақстанның тұңғыш ұлттық астанасы. Дәл осы қалада елдің саяси бағыты айқындалып, «қазақ» атауы ресми түрде қайтарылды, ұлттық мемлекеттіліктің берік негізі қаланды. Сондықтан тағдыршешті шешімдер қабылданған тарихи шаһарда Ұлттық құрылтайдың өтуі терең символдық мәнге ие.
Бүгін қоғам үшін маңызды мәселелер төрт панелдік секцияда жан-жақты қаралды. Соның бірі – экономикалық даму бағыты. Бұл сессияда жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңдеу өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жолдары кеңінен талқыланды. Маңызды ұсыныстардың бірі – кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:
Қазір банктер шағын және орта бизнеске несиені 20-25 пайызбен беріп жатыр. Ондай пайызбен біз кәсіпкерлікті дамыта алмаймыз. Сондықтан да Қазақстанда жалпы кәсіпкерлікті қолдауға арналған жеңілдетілген несие жүйесі болуы керек. Оны даму институттары бар Қазақстанда Бәйтерек, Қазақстан даму банкі, даму қорлары бар, солардың ақшасы мен банктердің ақшасын біріктіре отырып, үйлестіре отырып, жеңілдетілген несие жүйесін жасауға болады.
Тұтынушылық несие мәселесі де секция барысында назардан тыс қалған жоқ. Проблемалық қарыздардың санын азайту, азаматтардың қаржылық жүктемесін жеңілдету және қарыз алушылардың құқығын қорғау бойынша бірқатар ұсыныс айтылды.
Бұған дейін Бурабайда өткен құрылтайда Олжас Сүлеймен шетелде білім алып жүрген жастардың әлеуетін ел игілігіне бағыттау мәселесін көтерген. Бүгінде Халықаралық бағдарламалар орталығы мен құзырлы органдар бірлесе қолға алған жоба нақты нәтижесін бере бастаған. Бұл жолғы отырыста бастама одан әрі пысықталды.
Олжас Сүлеймен, Team Qazaqstan жобасының жетекшісі, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:
Өзіміз көтерген мәселе қалып қалмай, осындай бір нәтижеге жеткені бізді де қуантады. Құрылтайдан кейін нақты жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин мәдениет үйлерінің жай-күйін көтерді. Әсіресе ауылдық жерлерде мәдениет ошақтарының тапшылығы мен материалдық-техникалық базасының әлсіздігі өзекті мәселе болып отыр.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:
Бұл жерде бірнеше ұсыныс бар. Бірінші кезекте минималды материалдық техникалық базаның деңгейін анықтап беру керек. Яғни осы мөлшерден кем емес бұл дүниелер міндетті түрде мәдениет үйінде болуы керек деген. Екінші мәселе - кадр мәселесі. Бізде қазір жалпы көп салада кадр жетіспеушілігі бар.
Ал кадр тапшылығы мәселесін шешу жолын құрылтайдың өзге мүшесі Лаура Қарабасова ұсынды.
Лаура Қарабасова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:
Бұл жерде бізде мектептердің тарапынан кәсіби бағдарлаушы деген мамандар енгізіліп жатыр. Бұл мамандар бүкіл ақпаратты алуы керек. Бұл мамандар еңбек нарығындағы сұранысты білуі керек. Барлық өзгерісті білуі керек. Және де жоғары оқу орындарымен өте тығыз жұмыс істеуі керек. Сондықтан біз Ғылым және жоғарғы білім миинистрлігіне қарасты оқу орындарымен, Оқу ағарту министрлігімен бірге, білім басқармаларымен бірге талапкерлермен жұмыс істеу үшін жүйелі жұмысты қолға алсақ деген ұсыныс жасадық.
Тәрбиенің тағы бір тетігі - кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Жазушылар одағының төрағасы осы мәселе кемшін түсіп жатқанын көптен айтып жүр. Осы жолы мектеп кітапханаларына сапалы көркем әдебиетті жеткізу арнайы қаржыландырылсын деген ұсынысын ортаға салды.
Мереке Құлкенов, «Қазақстан Жазушылар Одағы» РҚБ төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:
Егер Қазақстандағы мектептерде көркем шығарма болмаса, онда ол кітапхананың не керегі бар? Көптеген мектепте кітапханаларда тек қана оқулықтар жинаулы тұр. Көркем шығармалар жоқ. Ал бізде бірнеше жүздеген баспалар бар. Олардың өнімі көп. Соларды ұйымдастырып, арнайы комиссия құрып, ең жақсы шығармалар мектеп кітапханасына баруы керек деп есептеймін.
Бір күнге созылған панелдік сессиялар қоғамның әр саласындағы түйткілдерді ашық айтып, нақты шешу жолдарын ұсынуға арналды. Экономикадан бастап білім, мәдениет пен кадр саясатына дейінгі мәселелер кеңінен қамтылды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Ұлттық құрылтайдың панелдік сессияларында көтерілген әрбір ұсыныс назардан тыс қалмайды. Әлеуметтік, экономикалық және азаматтық қоғам бағытындағы бастамалар тиісті органдарға жолданып, нақты шешімдерге ұласады. Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық құрылтай - қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шешу жолдарын ұсынатын ықпалды алаң.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы