Еліміз бір жылда 70 млрд доллар инвестиция тартты
Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенділігі тек дипломатиялық диалогпен шектелмей, нақты экономикалық нәтижелерге ұласып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында әрбір халықаралық кездесу мен сапардың артында инвестициялық және экономикалық келісімдер тұрғанын атап өткен еді. Бұл – сыртқы саясаттың ел экономикасын дамытуға бағытталғанын көрсететін маңызды ұстаным.
Қазақстан сыртқы саясатта теңгерімді, көпвекторлы бағыт ұстанады. Соның арқасында сенімді, болжамды серіктес ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Нәтижесінде еліміз жан-жақтан тұрақты инвестиция тартуға мүмкіндік алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрбір келіссөзде экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Былтыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойылды.
Нұржан Өмірбек, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы:
2025 жылғы жетістіктеріміздің бірі деп халықаралық жағдайды тұрақтандырудағы өзіміздің үлесімізді атап өтуге болады. Біріншіден, ол тамыз айында біздің Президентіміздің бастамасымен Алматыда ашылған Орталық Азия және Ауғанстан үшін Біріккен ұлттар ұйымының орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын атап өтуге болады. Былтырғы қараша айында атом энергиясы бойынша халықаралық агенттік МАГАТЭ-нің қиыр шығыстық өңірлік тобына қабылдандық. 2025 жылы біздің дипломатиямыздың арқасында ірі державалар және өңірлік ойыншылармен қарым-қатынастарымыз айтарлықтай күшейді.
Халықаралық сенім – инвестиция тартудың негізгі шарты. Қазақстан бұл сенімді саяси тұрақтылық пен нақты келісімдер арқылы нығайтып келеді. Ал тартылған инвестиция тек жекелеген салаларды дамытуға ғана емес, экономиканың барлық деңгейіне әсер етеді. Бұл үдерістің түпкі нәтижесі қарапайым халыққа да әсер етеді.
Ербосын Нұрмұхан, экономист:
Біз озық технологияларды үйренеміз. Және де шағын және орта бизнес көркейеді, дамиды. Біздің салықтық түсімдеріміз артады. Салықтық түсімдеріміз артқаннан кейін біздің әлеуметтік жағдайымыз оң бағытқа қарай жүреді. Сол сияқты бұл да жергілікті халыққа үлкен пайда әкеледі.
Осылайша Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктері ел экономикасының дамуына нақты негіз болып отыр. Халықаралық деңгейдегі әрбір келісім мен әріптестік – инвестиция, өндіріс және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы