Алматыда Наурыз мерекесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Наурыз мерекесі басталды

18.03.2019

Алматыда ұлыстың ұлы күнін алғашқылардың бірі болып Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы бар сән-салтанатымен атап өтті. Оған осы саланың саңлақтары, ақын-жазушылар мен қала тұрғындары қатысты.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Алматыда Наурыз мерекесі басталды. Әкемтеатр ғимаратының алдындағы көрініс көз қызығарлықтай. Алаң мерекеге сай безендірілген. Бәрі жаңару мерекесіне жоғарғы дайындықпен келген. Салт-дәстүрімізді жаңғырту, ұлттық ойындарымыздың ұйымдастырылуы және өзге де құндылықтар дәріптелуде. 

Театр алдында ине шаншар жер болмады. Шарапатты шара алдымен қаладағы мәдени ошақ ұжымдарының көрісуімен басталып, эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.

Сәбит Әбдіхалықов, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:

Негізгі мақсат – Наурызды жалпыұлттық мерекеге айналдыру.

Ермахан Ибраимов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

Мен спорт мектебінің балаларын алып келдім. Олар осында спорттық іс-шараларға қатысады. Ұлттық спортты насихаттаймыз.

Елге танымал актерлар қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтады. Наурыз - береке бастауы болған соң, қайырымдылық шарасы да ұмыт қалмады. Мегаполистегі балалар үйі мен көпбалалы отбасылардан шыққан 800-ден астам бүлдіршінге сыйлықтар үлестірілді. 

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

Өзіміздің көпұлтты мәдениетімізді, көпұлтты тарихымызды, бір Қазақстан атты ұлы шаңырақтың астында екенімізді тағы да көрсетіп, ұлықтау. 

Сонымен қатар, өнер қайраткерлері бастаған топ театр ауласына 50 көшет отырғызды. Оған әсіресе, жастар жағы белсене атсалысты. Бұдан басқа, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп, суретшілердің көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды.

Жанар Алпысбайқызы, қала тұрғыны:

Өте қуаныштымын. Әуезов театрының алдында осы кешті бастағандарына рахмет айтамын.

Ұлыстың ұлы күнін тойлауды жаңа үлгіге ауыстыру туралы Мәдениет және спорт министрі айтқан ұсынысты көпшілік қызу қолдап отыр. Сондықтан, биыл Наурыз мерекесінің жаңа символикалық белгісі бекітіліп, өзге де өзгерістер енгізілмекші.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу