Басты Жаңалықтар Бүгін - Армиялық авиация күні

Бүгін - Армиялық авиация күні

Бүгін - армиялық авиация күні. Қарулы күштердің ажырамас бөлігіне, құрлық әскерінің сенімді қалқаны әрі жедел көмекшісіне айналған құрылымға биыл 33 жыл. 
Әскерді әуе арқылы тасымалдау, ұрыс кезінде құрлық әскерін қолдау, барлау жүргізу, сондай-ақ жаралыларды эвакуациялау. Осы аталған қауіпті де, жауапты міндеттердің барлығын армиялық авиация құрылымы атқарады. Бүгін аспанда жүріп, ел шекарасынан ешкімді асырмаған батыл сарбаздардың кәсіби мерекесі.
Армиялық авиацияның кәсіби мерекесі 1992 жылдан бері аталып өтеді. Дәл осы күні Әскери-әуе күштерінің құрамына Үшарал қаласында орналасқан 01852 әскери бөлімі алғаш рет енгізіліп, оған «486-шы жеке тікұшақ полкі» атауы берілді.
Армиялық авиацияның негізін көпмақсатты тікұшақтар құрайды. Құрылымның арсеналында Ми-17В-5, Ми-8МТ, EC-145 және Ми-26 сынды тікұшақтың 9 түрі бар. Бұл әуе техникалары жер бедеріне қарамастан, еркін қимылдап, ең қиын аймақтарға жедел жетуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, 2024 жылғы су тасқыны кезінде армиялық авиация экипаждары су басқан елді мекендер мен қыстақтардан жүздеген тұрғынды эвакуациялады. Бүгінде құрылым жаңа техникалармен толығып жатыр.
Игілік Қарасаев, ҚР ҚК ӘҚК Бас басқармасы бастығының орынбасары:

Қажет болған жағдайда армиялық авиацияның экипаждары төтенше жағдай кезде іздестіру-құтқару жұмыстарында және өртті сөндіруде көмек көрсетеді.Соңғы «Сарышаған» полигонында өткізілген оқу-жаттығуында МИ-8 тікұшақтарының құрамына басқарылатын зымырындарды қостық. Сынақ сәтті болғандықтан барлық тікұшақтардың құрамына басқарылатын зымыранды жоспарладық.
Армиялық авиацияның күші тек техникада емес, оны басқарған кәсіби ұшқыштар мен инженерлердің шеберлігінде. Олар жоғары дайындықтан өтіп, кез келген жағдайда дәлдік пен батылдық таныта біледі. Әуеде қабылданған бір ғана шешім ондаған адамның тағдырын сақтап қалуы мүмкін.
Қысқаша айтқанда армиялық авиация – бұл жылдамдық пен жауапкершіліктің, технология мен ерліктің тоғысқан саласы. Ол ел қорғанысын нығайтып қана қоймай, бейбіт өмірдің тыныштығын күзетіп тұрған сенімді күш.

Бөлісу