Елордада пәтерге тіркеу тәртібі өзгереді
Астанада пәтерге тіркеу тәртібі өзгереді. Адам басына 15 шаршы метр бекітілмек. Жаңа ереже қалай реттеледі? 60 шаршы метр шаңырақта 4-5 баласымен өмір сүріп жатқандар қайтеді?
Ақниет Балтанова, тілші:
Бас қалада дәл осындай тұрғын үй кешені көп. Бір пәтердің өзіне 100 шақты адамды тіркеген жағдайлар анықталыпты. Сондықтан әкімдік жаңа тіркеу тәртібін бекітпек. Енді әр тұрғынға 15 шаршы метрден есептеледі. Бұл жаңалықты естіген елордалықтардың пікірі екіге бөлінді.
Заңсыздықтар көбейген соң, мәслихат депутаттары елорда аумағында тұрақты және уақытша тұру бойынша тіркеу нормасын бекітті. Бұл шара инфрақұрылымды реттеп, әлеуметтік жүктемені дұрыс жоспарлау үшін қажет дейді.
Ләззат Разбекова, Астана қаласы Мәслихатының депутаты:
Бұл талап Тұрғын үй заңнамасы негізінде және ҚР көші-қон саясаты аясында егжей-тегжейлі зерделеніп, толық қарастырылып, қабылданды. Жалпы Елордада 1 үйде 10-нан аса, тіпті 100-ге жуық тұрғындардың тіркелген фактісі анықталды. Сонымен қатар осы тұрғын үй саласында, жалға беру саласында көлеңкелі экономиканы болдырмау мақсатында қабылданып отыр.
Көптің көкейіндегі басты сұрақты жауаптыларға қойдық. Айтуларынша, жаңа талап бірге тұратын ерлі-зайыптыларға, балаларына және олардың жақын туыстарына еш әсер етпейді.
Ерлан Жүсіпов, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:
«Резиновая квартира» дейді ғой, содан бас тарту үшін. Себебі өткен жылы миграционный полициямен бірге біраз жұмыстар жүргізілді. 6 адамнан тұратын көпбалалы отбасы бір пәтерде 60 квадрат болса да тұра береді. Бірақ егерде сіз өз пәтеріңізге 20-30 адам тіркеймін десеңіз адам басына 15 шаршы метр қарастырылады.
Жаңа ереженің сақталғанын қадағалау мақсатында арнайы
тексеріс жүргізілмейді. Тек тіркеу кезінде туыстығы бар-жоғы бірден анықталады.
Бейтаныс адамды тіркесеңіз, әр тұрғын үшін 15 шаршы метр есептеледі. Бұл
өзгеріс жаңа жылдан бастап күшіне енбек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы