Маңғыстау түйе сүтін экспорттай бастады
Маңғыстау облысы түйе сүтін ұнтақ күйінде экспортқа шығара бастады. Жобаны ірі инвесторлар жүзеге асырып жатыр. Бүгін халыққа есеп берген өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай осылай деді. Оның айтуынша, аймақтың биыл жетістіктері жетерлік. Соның бірі – туризмнің дамуы.
Жанға шипа, дертке дауа түйе сүтін маңғыстаулықтар экспорттай бастады. Сұйық емес, құрғақ, ұнтақ күйінде. Жобаны жүзеге асыру үшін 3 бірдей ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл өңір бюджетіне қыруар қаражат әкелетін іс болмақ. Өйткені аймақта 100 мыңға жуық түйе бар.
Бозжырада алғашқы
қонақ үй құрылысы басталды
Маңғыстау - Қазақстанның туристік Меккесіне айналмақ. Осылай деген өңір әкімі биылдың өзінде туристік әлеуетті арттыру бағытында құны 5 млрд теңгеге жуықтайтын 4 жоба іске қосылғанын айтты. Сондай-ақ Бозжырада алғаш рет қонақүй құрылысы басталған.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
Бозжыра бағытын дамыту аясында биыл 13,2 шақырымды құрайтын жол құрылысы басталды, 2026 жылы электр желісі тартылады. Бозжыра шатқалында сапар орталығының құрылысы аяқталып, алдағы туристік маусымда іске қосылады. 2026-2029 жылдары 17,5 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылады. Қазір бірінші қонақүйдің құрылысы басталды.
Маңғыстаудың автомобиль жолдарының жағдайы жақсы
Биылғы 9 айда аймаққа 350 мыңнан астам турист келіп, 17,2 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Маңғыстау бұл көрсеткіш бойынша ел көлемінде 3-орында тұр. Әлбетте, туристерді тарту үшін ең алдымен дамыған инфрақұрылым керек. Бүгінде өңірдің жергілікті маңыздағы автомобиль жолының жағдайы 97 пайызға жақсарған.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
Автомобиль жолдары сапасы жағынан республика бойынша алдыңғы қатарда тұрмыз. «Жақсы» деген 97 пайыздық көрсеткішке ие болып отырмыз. Биыл және келесі жылдары 495 шақырымды қамтитын 16 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы биыл жүк тасымалы көлемін 20 пайызға арттырды.
Биыл өңірге тартылған инвестиция көлемі ₸949 млрд-қа жеткен
Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағының қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылып, аумағы қосымша 7,9 мың гектарға кеңейтілді және 23 жаңа қызмет түрі енгізілді. Жалпы өңір экономикасы оң динамика көрсетіп отыр. Атап айтсақ, соңғы 11 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,9 млрд теңгеден асып, инвестициялар көлемі 949 млрд теңгеге жеткен. Құрылыс, көлік, сауда, байланыс салалары да тұрақты дамып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы