Елімізде «Алтын оймақ» деп аталатын қазақ дизайнерлерінің байқауы өткізілмек. Оған қатысушылар бүгіннен бастап тіркеле алады. Отандық сәнгерлер ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны, спорт, балалар киімі, үйге арналған текстиль және әшекейлердің ерекше үлгілері бойынша сынға түседі.
Бірінші кезеңде комиссия өтінімдерді қарап, үміткерлерді іріктейді. Одан кейін сәнгерлер қоғамдық онлайн дауыс беруге қатысады. Соңынан көп дауыс жинаған алты қатысушының ішінен үздігі таңдалады.
Негізі, кез келген отбасының киім-кешегінен отандық өнімді табу қиын. Тұрғындар оның себебін тауар бағасының қымбаттығымен түсіндіреді. Ал, ол үшін әуелі жеңіл өнеркәсіпті дамытып, ұлттық өнімге сұранысты арттыруымыз керек. «Сонда ғана киім-кешек, әшекейлердің ұлттық бренді қалыптасады», - дейді мамандар.
Ләззат Рамазанова, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:
- Әр отбасы өзінің балаларына күнделікті қолдануға отандық текстильді алғысы келеді. Бірақ оның бағасы қымбат. Импортқа тәуелдіміз. Маусым айында өтетін форумда отандық дизайнердің тауарларын қолжетімід етіп жасамақшымыз.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ