Астанадағы дәмханалардың бірінде болған жарылысқа қатысты сараптама жұмыстары басталды
Астанадағы дәмханалардың бірінде болған жарылыстан зардап шеккендердің екеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал екі аспаз жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір ғимарат қоршауға алынып, сараптама жұмыстары басталып кетті.
Бұл оқиға кеше шамамен кешкі сағат сегізде болған. Дәмхананың асхана бөлігінде газ баллоны жарылып, соңы алапат өртке ұласты. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды 20 минутта ауыздықтапты.
Айжан Иманғали, тілші:
Тандырханадағы жарылыс дәл осы жерде болды. Біз қазір Мағжан Жұмабаев даңғылы бойында тұрмыз. Ғимараттың бір бөлігі өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, түгі қалмай жанып кетті. Иесінің айтуынша, ғимаратты жалға алушылар газ баллонын уақытша қолдана тұрамыз деген екен. Бірақ салдары осындай жағдайға әкеп отыр. Қазір өртенген аумақ толығымен қоршауға алынды.
Жарылыс болған сәтте бұл жерде 4 адам болған. Оның барлығы дәмхана қызметкерлері. Зардап шеккендердің үшеуін кешкі сағат 20.45-те жедел жәрдем ауруханаға дереу жеткізген. Екеуінің жағдайы ауыр. Денесінің 40-45 пайызын күйік шалған. Қазір қарқынды терапия және реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Руслан Ботаев, №1 көпбейінді қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі:
Үшіншісінің денесінің 6 пайызын күйік шалған. Ал жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр деңгейде. Ол пациенттерге де қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері қалада газ баллоны жарылған 4 жағдай тіркелгенін айтады, соның үшеуі жеке секторда болған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы