Соңғы 10 айда Шымкенттің экономикасы 14,8%-ға өсті
Шымкент әкімдігі мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруды бақылауға арналған цифрлық жүйе енгізіп, екі айда 460 млн теңге үнемдеген. Мегаполисте үш ауысымда мектеп мәселесі де толықтай шешілді. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму туралы әкім есебін тыңдаған тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес жалғастырады.
Шымкент қаласының әкімдігі мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруды бақылауға арналған цифрлық жүйе енгізіп, екі айда 460 млн теңге, шығармашылық және спорттық үйірмелерге «бір бала - бір орын» қағидасымен бірыңғай ваучерлік жүйені іске қосып, 1,8 млрд теңге үнемдепті. Бүгін халыққа есеп берген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осылай деді. Шаһар басшысының сөзінше, мегаполисте үш ауысымды мектеп мәселесі де толықтай шешілген.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
Білім беруде үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Президенттің бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 17 300 орындық 12 жаңа мектеп салынып, толығымен пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Шымкент тұрғындарының 99 пайызы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін шаһар көшелері 100 пайызға жарықтандырылмақ. Экономика саласы да оң динамика көрсетіп отыр. Мәселен, кәсіпкерлер саны 141 мыңға жетіп, 250 мың адам жұмыспен қамтылған. Бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету арқылы бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге жеткен. Ендігі мақсат - бюджет дербестігін арттыру.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
2023 жылдан бері соңғы 2 жылда біздің дербестік 46 пайыздан 56 пайызға жетіп отыр. Нақты жоспарымыз бар. Айта кететін жайт, біздің тарихымызда өзіміздің кірістердің басым бөлігі мұнай өңдеу зауытының акциздерінен түсетін. Қазіргі таңда 61 пайызы орта және шағын кәсіпкерлерден түсе бастады.
2025 жылдың 10 айында Шымкенттің экономикалық өсімі 14,8%-ға пайызға өскен. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған, оның 75 пайызы жеке сектордың үлесі. Алдағы бес жылда түрлі салаға тағы 4,6 трлн теңге қаржы тарту көзделіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы