Басты Жаңалықтар Қазақстанның автоөндірісі жаңа кезеңге өтті

Қазақстанның автоөндірісі жаңа кезеңге өтті

Қазақстанның автоөндірісі жаңа кезеңге аяқ басты. Отандық зауыттар автокөлік шанақтарын дәнекерлеу және бояу әдістерін қолдану арқылы ұсақ түйінді өндіріс көлемін арттырып жатыр. Бұған қоса автокөліктің құрамдас бөлшектерін өндіретін кәсіпорындар іске қосылуда. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы Алматыдағы Astana Motors компаниясының зауыттарына арнайы барып, жұмысымен танысты.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытының іске қосылғанына бес жыл. Ол қазірдің өзінде 209 000-нан астам көлік шығарып үлгерді. Мұнда құрастырылған әрбір көлік Hyundai халықаралық стандарттарына сәйкес болу үшін сынақтан өтеді.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Зауыттың бұл бөлігінде дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі. Шетелден жеткізілген ұсақ қосалқы бөлшектерден дайын шанақтар шығарылады. Көріп тұрғандарыңыздай бұл жұмыстарды роботтар жасайды. Мамандардың сөзінше бұл асқан дәлдікпен жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.
Бірнеше ай бұрын осы зауыттың жанында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауыты іске қосылды. Бұл Қытайдың жетекші үш бренді бір шаңырақ астында шығарылатын әлемдегі жалғыз зауыт. Мультибрендті зауыт ұсақ түйінді әдіспен жылына 120 мың көлік шығара алады. Өндірістің барлық сатысына 54 робот жұмылдырылған.
Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» бас директоры:
Сағатына 30 автокөлікті біз бояп шығара аламыз, сондай-ақ 95 пайызы автоматтандырылған.
Аталған екі автозауыттан бөлек, Алматы индустриалды аймағында автокомпоненттер шығаратын технологиялық парк жұмыс істейді. Өткен жылы Astana Motors компаниясы мультимедиялық жүйелер мен автокөлік орындықтарын шығаратын зауыттарды іске қосты. Кәсіпорын өнімдері қазірдің өзінде Hyundai Trans Kazakhstan зауытына жеткізіліп жатыр.
Нұрлан Смағұлов, «Астана Моторс» негізін қалаушы:
Қазір Астана Моторс Үкіметпен бірлесіп үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Біз автомобильдерді құрастыруға рұқсат беріп қана қоймай, жергілікті өндірістің үлесін арттыруға қолдау көрсетуді сұраймыз. Ұсақ бөлшектерді Қазақстанда шығарсақ, жаңа жұмыс орындары ашылады, өнеркәсіп дамиды, салық төленеді, ең бастысы көліктің бағасын төмендетуге септігін тигізеді.
Алдағы уақытта Astana Motors компаниясы жылыту, желдету және ауа баптау жүйелері, еден жабындары және тағы басқа бөлшектер өндірісін жолға қойылмақ. Осылайша бірнеше жылдың ішінде бұл зауыттарда шығатын көліктердің кемі 51 пайызы қазақстандық бөлшектерден құрастырылмақ.

Бөлісу