Басты Жаңалықтар Елімізде 350-ден астам ирандық компания жұмыс істеп жатыр

Елімізде 350-ден астам ирандық компания жұмыс істеп жатыр

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд ПезешКиан, Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда мен инвестиция байланысын жоғары бағалады. Былтыр өзара сауда айналымы 340 миллион доллардан асқан. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артпақ. Қасым-Жомарт Тоқаев тауар айналымын алдымен 1 миллиард, кейін 2 миллиард долларға дейін арттыруға ниет білдірді. Сондай-ақ Тегеран қаласында Қазақстанның сауда үйін ашу бастамасы отандық өнімдерді Иран нарығына тұрақты жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Соңғы 20 жылда Иран елімізге 226 миллион доллардан астам инвестиция салған. Қазіргі таңда 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі бас қосу осындай кәсіпорындардың қатарын көбейтуге септігін тигізеді деп сенеміз. Экономикалық ықпалдастыты нығайту жолында Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс. Елімізде инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Біз сауда, инвестиция, логистика және технология саласындағы экономикалық серіктестіктің негізін қалап жатырмыз.

Ал Иран Президенті бұл кездесу қос халықтың достығының көрінісі ғана емес, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасының  маңызды қадамы екенін айтты. Екі ел кәсіпкерлері бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатқанын алға тартқан Масуд Пезешкиан нақты бірлескен жобаларды атап өтті.

Масуд Пезешкиан, Иран президенті:

Екі ел үкіметі бірлескен кеме қатынасын жолға қоюға, Каспий теңізінде консорциум құруға, Ақтау портында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалар мен тарату орталығын ашуға, Қазақстанда тағам өнімдерін және қағаз қаптамаларын шығаратын бірлескен зауыт ашуға, Алматыда ирандық құрылыс материалдарының экспорттық паркін жасақтауға уағдаласты. Сондай-ақ минералогия, шикізатты өңдеу және аймақтық экспортты өркендету салаларында ықпалдастық орнаттық. Біз Иран – Қазақстан бірлескен сауда кеңесінің құрылуын, тікелей әуе рейстерін дамытуды, кәсіпкерлерге виза режимін жеңілдетуді, екі елдің сауда көрмелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды қолдаймыз.



Бөлісу