Өскемендегі өндіріс орындарына ₸2 миллиард айыппұл салынды
Ресми статистика бойынша Өскемендегі ірі өндірістер мен кәсіпорындар жыл сайын ауаға 160 мың тоннаға жуық зиянды қалдық шығарады. Бірақ тәуелсіз экологтрадың пайымдауынша бұл нақты көрсеткіш емес. Сондықтан табиғат пен ауаға шамадан тыс зиянын тигізетін кәсіпорындардың тізімін жасап, жұмысына үнемі нақты мониторинг жүргізу керек. Ал биыл өңірде экологиялық талаптарды өрескел бұзған кәсіпорындарға 2 миллиард теңге айыппұл салынды.
Өскеменде жел өте аз соғады. Ондай күндері қаланы қара қою түтін басып, тұрғындардың тынысы тарылады. Әсіресе қыста қиын. Өндірістердің шығарындысына автокөлік пен жеке үйлер жаққан көмірдің түтіні қосылып, ол ауада бірнеше тәулік қалқып тұрады. Тіпті кейде қала мүлде көрінбей қалады. Сондықтан экологтар енді мәселені шешуді төтесінен қойып отыр.
Дәулет Асанов, эколог-сарапшы:
Халыққа таза отын немесе орталық жылу берілу керек. Қазір адамдарға учаске кесіп беріп жатыр. Олар пеш жағады. Қала одан әрі ластануда. Ірі ауа ластаушы кәсіпорындарға нақты талаптарды қою керек.
Нақты талап қою үшін бақылаушы органдарда ауаның құрамында қандай улы зат бар екенін және оның адам денсаулығына тигізетін әсерін нақты анықтайтын сараптама қорытындысы болуы шарт. «Қазгидромет» орталығының мамандары ауа құрамына 22 көрсеткіш бойынша талдама жасайды. Қалада 10 жерде экологиялық бекет бар. Мамандар ол сынамадан қай металдың мөлшері қанша екенін ғана анықтайды.
Кәмшат Ахмадиева, кешенді зертхана басшысы:
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде Өскемен қаласында көміртегі оксиді, хлорлы сутек бойынша жоғарғы көрсеткіштер ПДК мөлшері байқалады.
Бұл улы заттардың адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін дәрігерлер жақсы біледі. Алайда бүгінге дейін бір де бір өскемендікке «химиялық күйік» деген диагноз қойылмаған. Ал жел соқпай қаланы қою түтін басса құзырлы орган қызметкерлері құралдарын арқалап кәсіпорындарға барады.Тек биыл Өскемендегі өндірістерді 87 рет тексерген.
Аружан Мұсаханова, облыстық экология департаментінің баспасөз хатшысы:
Олар бойынша 68 нұсқама берілді. Барлығы биыл 1 млрд 900 млн теңге сомада 133 айыппұл салынды.
Салынған айыппұлдан әзірше нәтиже болмай тұр. Тек зауытттар ғана емес қаланың тынысын автокөліктер де тарылтады. Сондықтан экологтар атқарушы билікке әуелі шаһардағы қоғамдық көліктерді тез арада газға ауыстыруды ұсынып отыр. Өйткені Өскеменде өткен ғасырда шыққан автобустар әлі адам тасымалдап жүр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы