Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Иран 8 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Иран 8 құжатқа қол қойды

Қазақстан Иранға жалпы құны 200 млн доллар болатын тауар тасымалдауға дайын. Тегеранда еліміздің сауда үйі ашылмақ. Ақордада Мемлекет басшысы Парсы елінің Президентімен келіссөз жүргізді. Қос тарап та сауда-саттықты дамытуға мүдделі екенін айтты. Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 18 миллион долларға жуық инвестиция салған. Нәтижесінде Алматы облысында ірімшік зауыты, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдейтін комбинат ашпақ. Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұдан бөлек келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды. Нәтижесінде, Президенттер бірлескен мәлімдеме жасап, 8 құжатқа қол қойылды. Екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мәселесін де қозғады. Оның ішінде мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар бүгін Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін ала келді. Сол үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін.

Масуд Пазешкиан, Иран Президенті:

Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз.


Бөлісу