Дәл қазір Үкімет үйінде апта сайынғы отырыс басталды. Бүгін көлік-транзит саласын дамыту және цифрландыру мәселесі талқыланып жатыр. Министрлер кабинетінің жиынынан әріптесім Шерхан Жамбылұлы тікелей байланысқа қосылып тұр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Үкімет отырысы енді ғана басталды. Дәл қазір Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасап жатыр. Оның сөзінше, көлік қызметтерінің көлемі 20 пайыздан артық өскен. Жалпы, көлік-транзит саласын дамытуға елімізде ерекше екпін беріліп отыр. Бұл сала экономиканың негізгі драйвері болуы керек деген міндет тұр.
Бүгін саладағы цифрландыру жұмыстары ерекше талқылануда. Мәселен, ішкі шекарадағы 37 өткізу пунктін 2027 жылға дейін толық модернизациялау жоспарланған. Сонымен бірге автоматтандырылған өлшеу станцияларының санын 220-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Автокөлік тасымалында халықаралық құжат айналымын толық цифрландыру жоспарлануда. e-CMR жүйесін енгізіп, Түркия, Қырғызстан және Әзербайжанмен интеграцияны аяқтау тасымалдаушылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Әуе көлігі саласында мемлекеттік органдармен интеграцияны кеңейту арқылы кедендік, фитосанитарлық және ветеринарлық рәсімдер толық автоматтандырылмақ. Бұл жүк жөнелту процесін айтарлықтай жылдамдатады.
Smart Cargo платформасы да кеңейтіліп, оған тағы 47 мемлекеттік және жеке сервис қосылады. Ал «Жасыл дәліз» жобасы іске қосылғаннан кейін транзиттік декларациялар автоматты түрде рәсімделіп, шекарадан өту әлдеқайда жеделдейді.
Жалпы, атқарылатын жұмыстар көлік жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, логистикадағы бюрократияны қысқартып, Қазақстанның өңірлік транзит орталығы ретіндегі рөлін нығайтпақ.