Сейсмологтар: Жақын арада қатты жер сілкінісі болмайды
Алматыда жақын арада қатты жер сілкінісі болмайды. Бүгін түсте болған зілзаладан кейін сейсмологтар осындай мәлімдеме жасады. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендер жоқ. Қираған нысандар тіркелмеді, деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.
Дүмпу қайталана ма деп қауіптенгендер бірден сыртқа шығып, 10–15 минуттан кейін жұмыс орындарына қайта оралды. Артынша жауапты мамандар хабар таратып, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ деді.
Ерік Әліпұлы, «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС директорының орынбасары:
Қалыптасқан жағдайды талдай келе, 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 15:00-дегі Алматы болжау полигонында сейсмикалық жағдай тұрақты екенін атап өтеміз. Алматы болжау полигоны аумағында MSK-64К сейсмикалық шкаласы бойынша қатты жер сілкіністері күтілмейді.
Жер сілкінісіне байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан инфрақұрылым нысандары тексеруден кейін жұмысын қайта жалғастырды. Айта кетсек, зілзала күндізгі сағат 12:45-те тіркелді. Дүмпу ошағы Қытай аумағында болған. Алматыда магнитудасы 3 балл деңгейінде сезілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы