Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Еуропа арасында визалық режим жеңілдейді

Қазақстан мен Еуропа арасында визалық режим жеңілдейді

Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы визалық режим жеңілдейді. Сондай-ақ көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы сынды салалар бойынша да серіктестік жандана түспек. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес президенті Ақордада келіссөздер жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз.

Мемлекет басшысы визалық режимді жеңілдетуге қатысты дайындық жұмыстары басталғанын құптады. Еуропалық Одақ соңғы 8 жылда ешқандай елмен барыс-келісті жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізген жоқ. Бүгінде заңсыз миграциямен күресіп жатқан ЕуроОдақтың Қазақстанмен арадағы визалық режимді жұмсартуы үлкен қадам,  дейді сарапшылар.

Айта кету керек, Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі шетелдік инвесторы. Елімізге Еуропа елдерінен тартылған тікелей инвестицияның 40%-дан астамы аталған ұйымға тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Еуропа Одағына мүше елдердің тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтаған. Бүгінгі келіссөздер сан саладағы серіктестікке серпін бермек.

Антониу Кошта, Еуропалық Кеңестің президенті: 

Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін мемлекет ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз.


Бөлісу