Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында сапасыз салынған жаңа үйлер бір жылға жетпей бүлінді

Жамбыл облысында сапасыз салынған жаңа үйлер бір жылға жетпей бүлінді

Жамбыл облысы Байзақ ауданында 1,6 млрд теңгеге салынған жаңа баспаналар бір жылға жетпей бүлінді. Көпқабатты үйдің сыртқы сылағы түсіп, қабырғаларында сызат пайда болған.

Тіпті шатыры шұрық тесікке айналғандықтан, жаңбыр жауса, төбеден су сорғалайды. Жылу жүйесі де жарытып жұмыс істемейді. Қарашаның қара суғында дірдектеген ел қыс түссе, қиын болады деп алаңдайды. Ал арықтар бойымен аққан нәжіс суы аула алдына жайылып жатыр.

Назира Байқұлиева, Сарыкемер ауылының тұрғыны:

Шаршап кеттім, көшіп келгелі мазам қашты. Жаңбыр жауған сайын ағып, мына жаққа дейін келеді.

Салтанат Байпатшаева, Сарыкемер ауылының тұрғыны:

Бізде су өшсе, жарық өшеді. Жарық өшсе, су өшеді. Су өшсе, жылу өшеді. Бізде бәрі бір-біріне байланысты.  

Аудандағы жауаптылар Сарыкемер ауылындағы 120 пәтерлі қос үйдің құрылысы сапасыз салынғанын мойындайды. Сондықтан кем-кетікті түзетуді 5 жылдық кепілдік мерзімі бар мердігерге міндеттеп отыр. Ал аулаға жайылған сарқынды су мәселесін орталықтандырылған кәріз жүйесін салу арқылы шешпек.

Дәуренбек Мәдішов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Ауданның канализациясына сметалық жобалық құжаттама дайындалып жатыр. Биыл бұл бітсе, келесі жылы егер қаржы бөлінетін болса, соған қосылады. Алдағы уақытта солай болады. Бүгінгі таңда сору, алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Бөлісу