2 мыңнан аса ата-ана оқу орталығынан ақшасын қайтара алмай жүр
Балаларын оқыту үшін қомақты қаржы төлегендер енді ақшасын қайтара алмай сабылып жүр. Өйткені жарнамасы жер жарып тұрған «Tesla» оқу орталығы ескертусіз жұмысын бір күнде тоқтатқан. Алдандық дегендердің саны Алматы мен Астанада екі мыңнан асады. Ал мамандар балаларды мұндай орталыққа берер алдында ата-аналарды қырағы болуға шақырады.
Қуан Нұрақын, тілші:
Мынау — кеше ғана қыз-қыз қайнап жұмыс істеп жатқан «Tesla» оқу орталығы. Қазір мұнда ешкім жоқ. Тек бір Алматының өзінде 342 ата-ана зардап шеккенін айтып, полицияға жаппай арыз жазып жатыр. Олардың саны күн санап өсуде.
Сайра Пірниязова, зардап шегуші:
Келісімшарт жасалды. Он бес айға 825 мың төлеп жібердім. Бөліп төледім. Үш-ақ ай барды. Міне, осындай жағдай болып жатыр.
Қазір Сайра сияқты жүздеген ата-ана шағымын айтып күнде полиция ғимаратының алдында сабылып жүр. Айтуларынша, банкке белшеден қарыз батқан. Ал қосымша білім аламын деген балалары дайындықсыз қалған.
Марат Амангелдіұлы, зардап шегуші:
Қыркүйек, қазан айында санитарлық, профилактикалық жұмыстар деген желеумен сабақтар жиі өтпей жүрді. Бір күні балам сабаққа келсе, есігі тарс жабық тұр.
Білім саласындағы мамандар мұндай орталықтардың жауапкершілігін күшейту қажет дейді. Себебі басым бөлігі тек кәсіпкер ретінде тіркеліп, еш лицензиясыз жұмыс істей береді.
Гүлнәр Омарова, білім саласының сарапшысы:
Бір жылға емес, әрбір ай сайын төлейтін және келісімшартта қалай барлығы жазылғаны туралы қараса. Өйткені алып жатқан білімі баланың риза болмай жатса, қаржыны қайтарып алу мәселесі тұр. Сондай механизмдерді қарастыру маңызды деп ойлаймын.
Орталық жұмысын тоқтатқан соң мұғалімдер де байланысқа шықпай кеткен. Бұған дейін «ақшаны қайтарып береміз» деп уәде еткен басшылық та хабарсыз. Енді ата-аналар бірігіп, заңгерлерге жүгініп, ақшаны қайтарудың жолдарын қарастырып жүр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық кодекстің 190 бабының 3-тармағы бойынша. Күдікті қамауда. Барлық тергеу амалдары дер кезінде және айтарлықтай дәрежеде жүзеге асырылуда.
Оқу орталығының нақты қанша адамға шығын келтіргені тергеу аяқталған соң белгілі болмақ. Ата-аналардың ақшасының қалай, кім қайтаратыны да сот сараптамасы мен тергеу нәтижесіне байланысты. Ал әзірге мыңдаған отбасы қаржылай және моральдық соққы алып отыр.
Осы даулы мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пікір білдірді. Оның сөзінше, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар жекеменшік оқу орталықтарының жұмысына тікелей араласа алмайды. Мұндай қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы Кәсіпкерлік Кодексінің аясында реттеледі. Алайда жағдай қайталанбас үшін Білім туралы заңға, Кәсіпкерлік туралы кодекске алаяқтықты болдырмауға байланысты заң нормаларын қарастыруды бастағанын жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы