Басты Жаңалықтар Алматыда 2 мың студент оқыған орталық ескертусіз жабылып қалған

Алматыда 2 мың студент оқыған орталық ескертусіз жабылып қалған

Балаларын оқыту үшін қомақты қаржы төлегендер енді ақшасын қайтара алмай сабылып жүр. Өйткені жарнамасы жер жарып тұрған «Tesla» оқу орталығы ескертусіз жұмысын бір күнде тоқтатқан. Алдандық дегендердің саны  Алматы мен Астанада екі мыңнан асады. Ал мамандар балаларды мұндай орталыққа берер алдында ата-аналарды қырағы болуға шақырады.

Қуан Нұрақын, тілші:

Мынау – кеше ғана қыз-қыз қайнап, жұмыс істеп жатқан «Tesla» оқу орталығы. Қазір мұнда ешкім жоқ. Тек бір Алматының өзінде 342 ата-ана зардап шеккенін айтып, полицияға жаппай арыз жазып жатыр. Олардың саны күн санап өсуде.

Сайра Пірниязова, зардап шегуші:

Келісімшарт жасалды. 825 мың төлеп жібергем 15 айға. Бөліп төлеу арқылы. Үш-ақ ай барды. Міне, осындай жағдай болып жатыр.

Қазір Сайра сияқты жүздеген ата-ана шағымын айтып, күнде полиция ғимаратының алдында сабылып жүр. Айтуларынш,а банкке белшеден қарызға батқан. Ал қосымша білім аламын деген балалары дайындықсыз қалған.

Марат Амангелдіұлы, зардап шегуші:

Қыркүйек, қазан айында санитарлық, профилактикалық жұмыстар деген желеумен сабақтар жиі өтпей жүрді. Бір күні балам сабаққа келсе, есігі тарс жабық тұр.

Білім саласындағы мамандар мұндай орталықтардың жауапкершілігін күшейту қажет дейді. Себебі басым бөлігі тек кәсіпкер ретінде тіркеліп, еш лицензиясыз жұмыс істей береді.

Гүлнәр Омарова, білім саласының сарапшысы:

Бір жылға емес, әрбір ай сайын төлейтін және келісімшартта қалай барлығы жазылғаны туралы қараса. Өйткені алып жатқан білімі баланың риза болмай жатса, қаржыны қайтарып алу мәселесі бар. Сондай механизмдерді қарастыру маңызды деп ойлаймын.

Орталық жұмысын тоқтатқан соң мұғалімдер де байланысқа шықпай кеткен. Бұған дейін «ақшаны қайтарып береміз» деп уәде еткен басшылық та хабарсыз. Енді ата-аналар бірігіп, заңгерлерге жүгініп, ақшаны қайтарудың жолдарын қарастырып жүр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы бойынша. Күдікті қамауда. Барлық тергеу амалы дер кезінде және айтарлықтай дәрежеде жүзеге асырылуда.

Оқу орталығының нақты қанша адамға шығын келтіргені тергеу аяқталған соң белгілі болмақ. Ата-аналардың ақшасының қалай, кім қайтаратыны да сот сараптамасы мен тергеу нәтижесіне байланысты. Ал әзірге мыңдаған отбасы қаржылай және моральдық соққы алып отыр.


Бөлісу