ЖИ жастарды жұмысшы мамандығын таңдауға итермелеп жатыр
Ұлыбританияда жұмысшы мамандығын таңдайтын жастар көбейген. Жасанды интеллектінің дамуы әлем елдерінің еңбек нарығына үлкен өзгеріс әкеліп жатыр. Осындай шақта Британияда кейбір жастар сантехник, қонақ үй ісі, ағаш ұстасы, құрылысшы тәрізді жұмысшы мамандықтарын таңдауға көшті. Ал университетке түсушілер кейінгі онждылдықта алғаш рет азайған. Неліктен? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Қазір еңбек нарығында жасанды интеллект жылдам трансформацияланып, кейде жұмысшы орындарын басатын жағдайға жетті. Сондықтан Ұлыбританияда және одан тысқары жерлерде жұмысшы мамандықтарды таңдайтын жастар көбейіп келеді. Солардың бірі – украиналық 18-жасар Марина Ярошенко. Ол Лондондағы Вестминстер колледжінде «сантехник» мамандығын таңдапты. Себебі бұл кәсіпті жасанды интеллект ешқашан алмастыра алмайтынына бек сенімді.
Марина Ярошенко, студент:
Инженерлік, жалпы құрылыс саласын таңдаудағы мақсатым, бұл секторды иемденуге жасанды интеллектінің шамасы жетпейді деп ойлаймын.
Сонымен қатар құрылыс, қонақ үй ісі, электрик, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы және тағы басқа мамандықтарды таңдаушылар көбейген. Жастар ұстанымының бұлайша өзгеруіне осы салаларда жалақының өсуі мен тұрақтылыққа ұмтылыс себепші. Мәселен, Британияда барлық секторларда жылдық табыс орта есеппен 39 мың фунт стерлинг немесе 26 миллион 400 мың теңге. Ал сантехниктің бір жылдық табысы бұдан сәл ғана төмен – 37800 фунт. Оның үстіне, жұмысшы мамандығын таңдаған адам қаласа сол кәсібін келешекте бизнеске айналдыра алады.
Стивен Дэвис, United colleges group ұйымының бас директоры:
Менің ойымша, адамдардың біршама стратегиялық ойлай бастауына жасанды интеллект айтарлықтай әсер етті. Олар мұндай мамандықтар бәрібір мүмкіндікке толы деп есепейді. Себебі онымен жеке бизнес ашып, көбірек табыс табуға болады. Және де бұндай жұмыстарға өмір бойы сұраныс төмендемеуі мүмкін.
Британияның Корольдік персонал және даму институтының зерттеуіне сүйенсек, физикалық еңбекке қарағанда «ақ жағалылардың» қызметі жасанды интеллекті мен автоматтандыру алдында әлдеқайда осал. Ал осы елдің Жоғары білім статистикасы агенттігінің дерегінше, 2023-2024 оқу жылында британ университеттерінің бакалавр бағдарламасына түскендер саны 2022 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 1,1 пайызға кеміген.
Сонымен қатар тамызда Біріккен корольдіктің Кәсіподақтар конгресі 2600 адамның арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесіне жүгінсек, британдықтардың жартысы жасанды интелект олардың жұмыстарына кері әсер етеді деп алаңдаушылық білідірген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы