Жамбыл облысында теміржол өткелі жылға жетпей жарамсыз күйге түсті
Жамбыл облысында 300 млн теңгеге салынған теміржол өткелі жылға жетпей жарамсыз күйге түсті. Бүтін бір аудан орталығы саналатын Аса ауылының тұрғындары аспалы көпірдің қызығын тек бір апта ғана көрген. Өйткені бір топ бала мінген лифтінің темір арқаны төбеге шығарда үзіліп кеткен.
Бұл - Аса ауылындағы көпшіліктің көптен күткен көпірі ашылған сәт. Былтыр маусымда мерекелік мәзірде пайдалануға берілген. Бір-ақ бір аптаға жетпей, 500 келіге дейін көтеруі тиіс жедел саты жерге құлайды. Ішіндегі бір топ бала аман-есен шығып үлгерген. Ал бір ересек адам аяғынан ауыр жарақат алған. Содан бері ауылдың ақсақалы мен баласы да биік баспалдақпен көтерілуге мәжбүр.
Ержан Дәуренбеков, ауыл тұрғыны:
Лифт адамға арналмаған. Халық үшін салынған дейміз. Сонда бізді ойыншық көре ме? Адамды адам санап жатқан жоқ. Мысалы, адам жарақат алса, жасырып, ТЖД, жедел-жәрдемді де шақырмай, өздерінің жауапкершілігіне алмайды.
Жалпы, аудан орталығында 13 мыңға жуық тұрғын бар десек, оның 2 мыңы шойын жолдың арғы бетінде тұрады. Батыс бөліктегі бұқара бергі беттегі әлеуметтік нысандарға жиі келеді. Көпірден өтетін нөпір алдымен алты метр биікке шығып, 40 метр жаяу жүруі тиіс.
Қалипаш Ыстамқұлова, ауыл тұрғыны:
Осы көпір салынады дегенге қуанып едік. Өте биік жасаған. Тіпті әлі бір де лифтіге мінген жоқпыз. Істеген жоқ.
Аудан атқамінерлері кеткен кемшілік пен келген зиянды жәй қалдырмадық дейді. Мердігерді сотқа сүйрепті. Бір апта бұрын облыстық экономикалық сот шенеуніктер пайдасына шешім шығарған.
Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
Мердігер де, өзім де отырдым. Соңына дейін жеткен жоқ, рас. Талап арыздың негізінде ол мекемені бүгінгі күнге жосықсыз деп таныды. Және сол жіберілген кемшіліктерді орнатуға міндеттелді.
Сондай-ақ сот шешімімен нысанға қосымша техникалық сараптама жасалатын болды. Өйткені бүгінде жедел сатыдан бөлек, көпірдің жабындылары ашылып, тас төсемдері бүлініп барады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы