Павлодардағы күйтабақтар музейін оңтайландыру мақсатымен Әдебиет және өнер музейіне қосқалы жатқандығы туралы сыни материал осыдан 10 күн бұрын Ұлттық арна эфиріне шыққан болатын. Мәселен, «Шафер үйі» деген атаумен танымал мұндай музей біздің елімізде ғана бар. Бұл жерде 27 мыңнан астам күйтабақ сақтаулы. Олардың арасында теңдесі жоқ музыка үлгілерінің түпнұсқасын кездестіруге болады. Мәселен, Исаак Дунаевскийдің 400 шығармасының толық жинағы, Чайковский мен Глинка, Бах, Моцарт, Шопен, Мендельсон шығармаларының алғашқы жазбалары, тіпті, IX ғасырдағы музыкалық туындылардың көшірмелері бар. Осындай мол мұра сақталған музыкалық музейдің жеке мекеме мәртебесінен айырылуына жергілікті зиялы қауым алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысына хат жолдады. Көп ұзамай аймақ басшысы Болат Бақауов музыкатанушы, филолог, сазгер Наум Шафермен арнайы жолықты. Ақыры музей бұрынғыша жеке мекеме ретінде жұмыс істей беретін болып шешілді.
Наум Шафер, өнертанушы, сазгер:
- Мұнда қазақ музыкасының небір жауһарлары сақталғанын ерекше мақтанышпен айтамын. Оларды ұстазым Брусиловскийдің тапсырмасымен алыс ауылдарға барып, жинақтадым. Музей қорындағы шығармалардың бәрі - менің жүрегіме жақын халықтың мұрасы.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.