Басты Жаңалықтар Анамнез ескерілмеді: Стоматологияда көз жұмған 4 жастағы қыздың өлімі сотта қаралды

Анамнез ескерілмеді: Стоматологияда көз жұмған 4 жастағы қыздың өлімі сотта қаралды

Астанадағы стоматологиялардың бірінде көз жұмған 4 жастағы қыздың наркоз алдында анамнезі ескерілмеген. Бүгін сотта сараптама қорытындысы жарияланды. Оған сәйкес, тістерін емдетуден бұрын қыз баланың пневманиямен ауырғаны ескерілмеген. Өкпе қызметі толық қалпына келмеген кезде «Севоран» препаратын төрт жарым сағат бойы қолдану жедел гипоксияға, жүрек тоқтауына және мидың ісінуіне әкелуі мүмкін делінген. Кенеттен жағдайы нашарлап, реанимациялық шаралар нәтиже бермей, қыз бала оянбастан көз жұмған. Қайғылы жағдай осыдан 1 жыл бұрын болды. Қыздың өліміне себепші ретінде клиниканың анестезиологы Аида Жұмағалиеваға Қылмыстық кодекстің «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша айып тағылды. Ол бір сеанста баланың бірден 18 тісін емдемекші болыпты. Сотта істі қарау жалғасып жатыр. Отырыс барысында операция процесінің толық бейнежазбасы көрсетілді. Әкесінің айтуынша, бірден 18 тісті емдеу және ұзақ наркоз жасау туралы шешімді тек анестезиолог емес, стоматолог та қабылдаған.

Талғат Құмаров, қыздың әкесі:

Туа сала қызымның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Балабақшаға барып жүргенде тұмаумен ауырды, пневмония болды, соңғысында 7 ай бұрын емделіп шықтық. Мамандар осыған мән беріп, жауапкершілікті сезініп, дұрыс шешім қабылдаулары керек еді. Баланы креслоға жатқызған соң наркоз 3-4 сағатқа жалғасатынын айтты. Сол кезде мен: «тым көп қой, емді екіге немесе үшке бөлуге бола ма?» деп сұрадым. Бізге олар тістерін бірден емдеу керектігін айтты.


Бөлісу