Басты Жаңалықтар Түркияда қазақ қаһарманға ескерткіш тақта қойылды

Түркияда қазақ қаһарманға ескерткіш тақта қойылды

2005 жылы Ирактағы «ҚазБат» бітімгерлік операциясы кезінде мина жарылысынан опат болған капитан Қайрат Құдабаев оқыған Түркиядағы әскери академияда мемориалды тақта ашылды. Қаруластарын қорғау үшін өзінің жанын қиған қаһарман қазақ сарбазының ерлігін түркиялықтар ұмытпаған. Қазақ офицерінің құрметіне қойылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Түркияға сапармен барған Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов та арнайы қатысты.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Қайрат Құдабаев 1993 жылы Анкарадағы осы оқу орнында оқыған алғашқы қазақ сарбаздарының бірі еді. 2005 жылы Ирактағы бітімгерлік күштердің қатарында жүріп, сол жақта опат болды. Бүгін Қайраттың өзі оқыған оқу орнында қаһарманға арналған ескерткіш тақта ашылды.

Ескерткіш тақтаның ашылуына еліміздің Қорғаныс министрі, сондай-ақ Қайрат Құдабаевтың жұбайы мен екі қызы да қатысты. Отбасы мүшелері Ататүріктің өзі оқыған Түркиядағы ең ірі әскери академияны үздік аяқтаған Қайраттың ерлігі ұмытылмағанына риза.

Әсем Құдабаева, Қ.Құдабаевтың жұбайы:

Біздің отбасымыз үшін бүгін өте ерекше күн. Қайрат осы ерлігі арқылы екі ел арасындағы байланыстың нығаюына себеп болды. Қыздары әкесін Қазақстанның ғана емес, Түркияның да қаһарманы болғанын мақтан тұтады. Құдабаевтар отбасы атынан осы ескерткіштің ашылуына үлес қосқан еліміздің және Түркияның қорғаныс министрліктеріне алғысымызды білдіреміз.

Әмина Құдабаева, Қ.Құдабаевтың қызы:

Бұл мемориал біз үшін өте үлкен мақтаныш. Біздің отбасы тарапынан алғысымыз шексіз. Осында оқып жатқан курсанттар үшін, біз үшін отбасымыз үшін және жалпы Қазақстан үшін өте үлкен мақтаныш деп білеміз.

Бүгінде Қайраттың ізін басып, осы әскери академияда 80-нен аса қазақ сарбазы білім алып жүр. Олар да алдыңғы толқын ағаларының ерлігін мақтан тұтады. Бүгінге дейін бұл оқу орнын 147 қазақстандық офицер аяқтап шыққан.

Бауыржан Нұрәли, Анкарадағы құрлықтық әскери академияның курсанты:

Біз болашақ офицер ретінде бізге артылған жауынгерлік абыройымызды Қайрат ағамыз сияқты нық ұстауға, Қайрат ағамыз оқыған әскери оқу орнында оқығанымызды мақтан етеміз.

Қорғаныс министрі осында білім алып жатқан қазақ курсанттармен де кездесті. Олармен сабақтары мен тұрмыс жағдайлары туралы сөйлесіп, сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ осы сапары аясында министр түркиялық әріптесімен де кездесіп, әскери саладағы екіжақты байланысты нығайту жайын талқылады.


Бөлісу