Басты Жаңалықтар Дәрігерлерге әлеуметтік желіде жарнама жасауға тыйым салынды

Дәрігерлерге әлеуметтік желіде жарнама жасауға тыйым салынды

Түркияда дәрігерлердің өз қызметтерін әлеуметтік желі арқылы жарнамалауына тыйым салынды. Денсаулық сақтау министрлігі шығарған ережеге сай медициналық мекеме немесе дәрігер қызметін әлеуметтік желіде тікелей немесе жанама түрде жарнамалайтын болса қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сондай-ақ емделіп шыққан науқастар белгілі бір дәрігердің немесе медициналық мекеменің атын атап алғыс білдірген пікірін жарнамалық мақсатта қолдану да заңбұзушылық болып есептеледі. Түркия Республикасы аумағында заңмен бекітілген емдеу тәсілдерінен бөлек ауруды емдеудің бекітілмеген өзгеше әдістерін жарнамалау да жауапкершілікке әкеледі. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі осы қатаң ереже арқылы медициналық қызмет көрсету саласындағы алаяқтыққа тосқауыл қоюды көздеп отыр.

Кемал Мемишоғлы, Түркияның денсаулық сақтау министрі:
Түркия денсаулық сақтау саласында тек науқастарды емдеу емес, адамдарға дұрыс қызмет көрсету, шынайы қарым-қатынас жасауды көздейді. Сондықтан бұл салада тәртіпті күшейтіп, азаматтарымызға сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Әрдайым дәрігерлердің білімі мен біліктілігін арттыруды тоқтатпаймыз.


Бөлісу