Алматыда ақын Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған кеш өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ақын Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған кеш өтті

25.12.2018

Алматыда қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті. Ақынның өмірі мен тағылымды шығармашылығын насихаттауға арналған игі шара дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді.

Қазақтың әйгілі ақын қызы Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған шарада жастар өнерлерін ортаға салды. Студенттер ақынның сырлы лирикаға толы өлеңдері мен отты жырларын оқып, оқиғалы шығармаларынан композициялық қойылымдар қойды.

Асылы Осман, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Балалардың патриоттық сезімін, рухын асқақтату үшін мұндай кештердің маңызы зор.

Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде өткен кеште жыр жүйрігінің өмір жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, елімізге танымал өнерпаздар Фариза ақынның сөзіне жазылған әсерлі әндерді орындады.

Гүлсім Оразалиева, журналист, әдебиетші:

- Жыр әлеміне керемет өзгеріс әкелген адам. Оның ішінде әйел затының, өзінің сезімін, жан дүниесін жасырмай, әдемі суреттермен, жыр жолдарымен жеткізген ақын.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар Фариза Оңғарсынованың өмірден өткеніне 5 жылға жуықтады. Бірақ, халық жазушысының артында қалған өнегелі мол мұрасының маңызы зор. Сондықтан, колледж директорының бастамасымен «Дарын» жастар шығармашылық клубы құрылды. Енді тәлімгерлер Фариза ақынның өлеңдерін насихаттау ісіне күш жұмсамақ.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу