«Nur Otan» партиясының қолдауымен өтетін айтыс «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясының қолдауымен өтетін айтыс «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі

12.09.2019
«Nur Otan» партиясының қолдауымен өтетін айтыс «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі

«Nur Otan» партиясы, «Қазақстан» РТРК АҚ және «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Үшжақты келісімге сәйкес, жыл соңына дейін «Nur Otan» партиясының қолдауымен еліміздің бірнеше аймағында өтетін барлық айтысты «Qazaqstan» телеарнасы көрсетеді.

Сонымен, 12-13 қыркүйекте Атырау қаласында Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған «Жыр жұлдызы – Фариза» атты республикалық айтыс өтеді. Айтыс десе арқасы қозатын көпшілік алдында Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров сияқты басқа да белгілі айтыскерлер өнер көрсетеді.

18-19 қыркүйекте Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған халықаралық айтыс болады. Бұл аламанға жергілікті айтыскерлерден бөлек, Қырғызстан, Қытай және Моңғолия елдерінен келген суырып салма сөз майталмандары қатысады.

30 қыркүйекте Алматыда «Отан отбасынан басталады» атты отбасылық айтыс, ал 19 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында «Береке бірлігіңде, елім» деген атпен тағы бір аламан өтпек.

Биыл өтетін сөз бәйгелерін Орал қаласында 7-8 желтоқсанда өтетін «Алтын домбыра» республикалық фестивалі түйіндейді.


Хабарламаларға жазылу