Стамбұлда Табылды Досымовты еске алу кеші өтті
Стамбұл қаласында Табылды Досымовты еске алуға арналған кеш өтті. Қазақтың тұңғыш бард ақыны тірі болса, биыл 60 жасқа толар еді. Рухани кеш аясында өнерпаздың шығармалары жинақталған «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітабының да тұсауы кесілді. Стамбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығының ұйымдастыруымен өткен кеш түркиялық көрерменнің көңілінен шықты.
45 жыл өмір сүрген бард ақын Табылды Досымов аз ғұмырында қазақ халқына ұмытылмас мұра тастап кетті. Оның шығармалары қоғамдағы қайшылықтарды әшкерелеп, халықтың жүрегінен орын ала білді. Сол үшін де көрермені оны ешқашан ұмытқан емес.
Абыл Аяш, Т. Досымовтың ұлы:
Бүгінгі кештен алған әсеріміз ерекше. Әкеміздің әндері осы Стамбұл төрінде шырқалып жатқанына ұрпағы ретінде ерекше толғаныста болдым. Өте жақсы әсерде, өте жақсы деңгейде өтті.
Бижан Қалмағанбетов, Т. Досымов атындағы қордың директоры:
Мен әсіресе қуанғаным — жергілікті қандастарымыздың және Стамбұл қаласында оқып жатқан студенттердің келуі. Табылды Досымов тек патриоттық емес, лирикалық және жастарға арналған көптеген әндерімен де танымал. Концертте жастар Табылдың әніне қосылып шырқағаны — біздің мақсатымыздың орындалғаны деп есептеймін.
Стамбұлдағы кеште ақынның сұхбаттарынан үзінділер беріліп, үздік әндері орындалды. Түркиялық көрермен Табылды Досымовтың әр шығармасын зор ықыласпен тыңдап, қосыла шырқап отырды.
Динай Шаткам, Германияда тұратын қазақ:
Өзім Германияда өмір сүремін. Маған концерт қатты ұнады. Сондай бір жүрекке жақсы әсер қалдырды. Өлеңдері өте күшті, шынымен қатты ұнады.
Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған рухани кештер тек Түркияда емес, сондай-ақ Қытайда, Моңғолияда және Ресейде өткізілді. Бұл бард ақынның шығармалары жыл өткен сайын халық жадында жаңғырып, биіктей түскенін аңғартады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы