Басты Жаңалықтар Ұлттық арнаның туындысы халықаралық байқауда үздік атанды

Ұлттық арнаның туындысы халықаралық байқауда үздік атанды

Түркия астанасы Анкара қаласында өткен 10-шы халықаралық түркі елдерінің деректі фильм фестивалінде Ұлттық арнаның туындысы үздік деп танылды. «Соңғы көшпенділер» фильмі мал бағып отырған Моңғолиядағы қазақ отбасының көшпелі тұрмысын баяндайды. Бұл осы фестиваль тарихындағы қазақстандық кинематографистердің алғашқы жүлдесі.
Qazaqstan ұлттық арнасының журналисі Ғабит Бөкенбайдың жетекшілігімен «Соңғы көшпенділер» фильмі үш жыл бойы түсірілді. Қыс-жазы мал соңында жүрген Моңғолиядағы қазақ отбасымен бірге түсірілім тобы да талай қиындықты басынан өткеріп, көшпенділердің ертеден үзілмей келе жатқан тұрмысын көпшілікке боямасыз жеткізген. Осы еңбек бағаланып, халықаралық байқауда туынды толықметражды деректі фильм бағыты бойынша екінші орын, сондай-ақ ТРТ телеарнасының «Ең үздік деректі фильм» арнайы сыйлығына лайық деп танылды.
Ғабит Бөкенбай, Qazaqstan ҰТА редактор-продюсері:

Телевидение жұмысын бір кісі жүріп бітіре алмайды. Бұл – ұжымдық жұмыс. Бұл – әрине, арна басшылығынан бастап, продюсер, оператор, монтажер, саунд дизайнер, жүргізушілерге дейін ортақ жеңісіміз. Осы жеңісімді Қазақстан Республикасының Республика күніне арнаймын. Отандастар, құтты болсын!
Байқауға барлығы 300-ге жуық фильм ұсынылған. Солардың ішінен үздік 12 туынды таңдалып алынды.
Нежми Пишкин, бақылау комиссиясының төрағасы:
 2014 жылы біз осы федерацияны құрғандағы ойымыз – түркі мәдениетін, дүниетанымын кино арқылы, деректі фильм арқылы таныту еді. Мақсатымыз – түркі әлемін, бауырлас халықтарды біріктіру, мәдени тұрғыда жақындастыру.
Фестивальде үздік шыққан бірнеше фильм енді 10 елде көрермен назарына ұсынылады. Алғашқы көрсетілім келесі айда Қазақстанда өтеді.

Бөлісу