Басты Жаңалықтар Беделді рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалады

Беделді рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалады

Әлемнің рейтинг бойынша беделді агенттіктері Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап отыр. Бұл елдің арзан әрі тиімді шарттар бойынша халықаралық деңгейде несие алуына жол ашады деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. АҚШ астанасында Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының  жиынына қатысқан  қазақстандық  делегация бірқатар маңызды кездесу өткізді.

Вашингтонда күзгі қарбалас. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының дәстүрлі сессиясына әлемдік экономиканың бағыт бағдарына тікелей ықпал ететін қуатты қаржы топтары мен қатар әр елдің экономикалық шешімдерін қабылтайтын  атқамінерлері жиналды. Олардың қатарында Қазақстан үкіметінің делегациясы да бар. Басты мақсат — америкалық және халықаралық инвесторлармен байланысты тереңдетіп, өзара тиімді жобаларды ілгерілету.

Михеил Нибладзе, Cerberus Frontier атқарушы директоры:

«Қазақстанның АҚШ-қа жоғары деңгейдегі делегация жіберуі — америкалық компаниялармен ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетеді.
Бұл — маңызды бастама, өйткені жеке сектор мен мемлекеттік деңгейде байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік бар. Ендігі маңызды қадам — келісімдерді жүзеге асыру. Бұл кезең ең күрделі және аса зор ұқыптылықты қажет етеді. Тараптар бұған толық дайын деп сенемін»

Әлібек Қуантыров, Сыртқы істер министрінің орынбасары:

«Экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында Boeing компаниясы Қазақстан нарығына кіріп жатыр. Сонымен қатар ірі мұнай-газ кәсіпорындары, жасанды интеллект саласындағы компаниялар, көлік секторында жұмыс істейтін ұйымдар және жоғары білім мен зерттеу саласындағы университеттермен ынтымақтастық артып келеді»

Қазақстандық делегация инвесторлармен қатар халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен де кездесті. Дүниежүзілік банк ғимаратында өткен жиында жаңа салық кодексі, қаржылық реформалар және инфляцияны төмендету саясаты таныстырылды.

Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі:

«Біз бүгін Moody’s, Fitch және S&P агенттіктерімен кездестік. Бұл — Қазақстан үшін өте маңызды, себебі елдің несиелік рейтингі тікелей осы бағаларға байланысты. Яғни рейтингіміз жоғары болған сайын, қарыз алу шарттары тиімді болмақ. Қуанышты жаңалық — бұл агенттіктер Қазақстанға «инвестициялық деңгейдегі» рейтинг беріп отыр. Moody’s — BBB+, Fitch — BBB, ал S&P жуырда болжамын «тұрақтыдан» «позитивтіге» өзгертті. Келесі жылы олардың бағаларының да жоғарылайтынына сенім мол»

Сонымен қатар қазақстандық делегация АҚШ Конгресінің мүшелерімен де жүздесті.
Демократтар мен республикашылдардан құралған ынтымақтастық тобымен екі ел арасындағы серіктестікті тереңдетудің нақты қадамдарын талқылады.  Оның ішінде энергетика, жасанды интеллект, білім беру және цифрлық технологиялар саласындағы жобалар сөз болды.

Бөлісу