Ұлттық кітапханада Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу залы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық кітапханада Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу залы ашылды

06.12.2018

Бүгін қазақтың классик жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының туған күні. Осы күнге орай Астанада Ұлттық академиялық кітапханада ұлы тұлғаның атына оқу залы ашылды. Қабырғалы қаламгерді қадірлеу шарасы мұнымен шектелмеді. 2005-2015 жылдары жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. «Аңыздың ақыры» кітабы қазір француз тіліне аударылып жатыр. Бұл кемеңгер Кекілбайұлының 80 жылдығы қарсаңында атқарылып жатқан шаралардың бірсыпырасы ғана.

Естелік тақтаға өзі де, сөзі де бедерленді. Енді Әбіш Кекілбайұлының жарқын жүзі мен нақыл сөзін осы көшеден өткендер көзден таса қылмайды. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды»,деп өзі айтқандай, еліне елеулі еді. Ол халық жадында қадірлі қаламгер қалпымен қалды.

Есенғали Раушанов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Естелік тақтаның ашылуы бүкіл Алаш баласына жасалған құрмет деп есептеймін. Осындай жақсы дәстүрдің жалғаса беруін қалар едім.

Бұл - Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залы. Зал көсемсөз зергерінің көзі тірісіндегі жұмыс кабинетінің нұсқасымен жасалды. Онда жазушының өзі тұтынған дүниелері қойылды. Тіпті костюміне дейін берілген. Сондай-ақ, Ұлттық кітапханаға тұлғаның мол мұрасы тапсырылды. 7 мыңға жуық басылым. Сан алуан тақырыптағы туындыны табасың. Абыздың марапаттары да осында. Бірақ, қаламгер үшін құнды бір-ақ нәрсе.  

Клара Жұмабайқызы, Ә.Кекілбайұлының зайыбы:

- Құнды дүниесі - кітап. Ол басқа ештеңеге алаңдаған емес. Берген естелік сыйлықтарды сол бойда достарына, туыстарына, бауырларына тастап кете береді. Ал, бір кітапты тастап кетсе, соны тауып алғанша мазасы кететін.

Бұл - кемеңгер Кекілбайұлының 80 жылдығы қарсаңындағы бір ғана шара. Ал, келер жылдан бастап есімін ұлықтау әкімдіктерден бастап, үкіметтік деңгейге дейін көтерілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Осы бағытта кекілбаевтану ғылымның негізгі пәндерінің бірі болып қалыптасуы керек. Біз қоғам ретінде тиісті әрекет жасап, бұл жұмысты бақылауға алуымыз қажет.

Қаламгерлік пен қайраткерлік қабілеттің бір адамның бойынан табылуы сирек құбылыс. Сондай қасиетке ие болған сом тұлға «өз басыңнан бақ ауса да, ел басынан бақ аумасын»,-деген болатын. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу