Түркістан облысында инвесторларды тарту арқылы 50 инвестициялық жоба іске асты
Түркістан облысында соңғы бірнеше жылда инвесторлардың қаржысына ірілі-ұсақты 50 жоба іске асып, 2 600 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Мәселен, бір ғана Ордабасы ауданында екі жылда 9 өндіріс орны ашылды. Қазір өңірде шығарылған құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылық техникаларына сұраныс артып, өзге аймақтарға жеткізілуде.
Ордабасы ауданының «Бадам» индустриалды аймағында жұмыс қауырт. Құрлыс материалдарынан бастап, ауылшаруашылығы тауарлары, тіпті арнайы техникаларға дейін шығарылып жатыр. Өндіріс аймағында жалпы құны 20 млрд болатын 7 инвеститциялық жоба жүзеге асырылған. Солардың бірі ауылшаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт. Өзбекстандық инвестордың қаражатына салынған кәсіпорын жылына екі мың тракторға дейін құрастырады.
Жансая Базарбекова, трактор зауытының өкілі:
Қазіргі таңда бізде JPS-планировщик бар. Сонымен қатар, біз тек техниканың, яғни трактордың өзін ғана емес, басқа бөлшектерін де шығарамыз. Техникаларға орнатылатын шыныларды да өзіміз өндіреміз. Сондай-ақ жер аударуға, өнім жинауға арналған екі түрлі техникамыз бар, екеуі де қатар сатылымда. Жалпы, біздің техника ауыл шаруашылығына қажетті барлық қызметті атқара алады.
Зауыт жаңбырлатып суару алқаптарына қажет қондырғыларды да шығара бастады. Жыл өткен сайын қуаңшылық қыспаққа алған өңірде бұл қондырғыларды шаруашылықтар су үнемдеу үшін пайдалануда.
Рауан Қосаев, бас инженер:
Біз Алматы, Жамбыл облысында, өзіміздің Түркістан облысында 300 данасын орналастырып қойдық. Қазір толыққанды жұмыс істеп жатыр. Сұраныс өте көп. Сұраныстың көпшілігі бір жағынан өте тиімді. Бізде 80 пайызға дейін субсидиялау бағдарламалары бар.
Ал алюминий бұйымдарын шығаратын кәсіпорын индустриалды аймақтағы соңғы ашылған өндіріс орны. Зауыт жылына 10 мың тонна өнім шығарады. 70-ке тарта жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Бұған да қытайлық инвестор қаржы салған.
Сян Гуан Жуй, қытайлық
инвестор:
Қазір дайын өнімдерімізді Алматы, Астана мен Шымкент қалаларында саудалап жатырмыз. Кәсіпорынның жұмысын жүргізуге газ, су, электр жарығымен қамтамасыз ету жағынан қолайлы жағдай жасалған. Алдағы уақытта жобаның екінші кезеңін жүзеге асырмақпыз. Сол кезде жұмысшылар саны 100 адамға көбейеді.
Өңірде қазір 20 индустриалды аймақ бар. Биыл мұндағы кәсіпорындар 12 млрд теңгенің өнімін шығарды. Екі мыңнан астам адам осы өндіріс орындарында нәпақасын тауып жүр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
